9 мамырда әлеуметтік желілерді кім бұғаттады – Абаев жауап берді

14.05.2019 17:02

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев үкімет отырысынан кейінгі кулуарда 9 мамыр күнгі әлеуметтік желілердің бұғатталуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz.

«Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі байланысқа жауап бермейді. Біздің министрліктің интернетті бұғаттауға еш қатысы жоқ. Сол себепті қазір бұл мәселеге қатысты пікір білдіре  алмаймын», - деп жауап берді Абаев журналистер қойған сауалға.

Министр интернетке қолжетімділік, әлеуметтік желілер мен бірнеше сайтқа қатысты туындаған мәселелер алдағы уақытта қайталанбауы тиіс екенін айтты.

«9 мамырдағы желіге қатысты мәселе 9 маусымда сайлау кезінде қайталанады деп ойламаймын. Сол себепті ол кезге дейін провайдерлер техникаларын реттейді деген ойдамын», - деп сөзін түйіндеді ол.

Еске сала кетсек, 9-10 мамыр күндері Қазақстанда бірнеше сайт пен әлеуметтік желілер уақытша бұғатталған болатын.