ӨКҚ алаңында брифинг өтті
2023 жылы Алматыда 1 407 этникалық қазақ «қандас» мәртебесіне ие болды. 151 адам мәртебесін тағы бір жылға ұзартты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі ӨКҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Бұл туралы ӨКҚ алаңында өткен брифинг барысында Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов мәлімдеді.
- Басқармада тарихи отанына келген этникалық қазақтарға «қандас» мәртебесін беру және ұзарту бойынша жұмыс жүргізуде. Өткен жылы 1 407 этникалық қазақ осы мәртебені алды, 151 адамның құжаты тағы бір жылға ұзартты, - деді Б.Жаубасов.
Сондай-ақ отбасын біріктіру мақсатында шетелде тұратын этникалық қазақтардың туыстарын Қазақстанға көшіру үшін 37 этникалық қазаққа шақыру берілді.
Спикер көші-қон жұмысына қатысты мәселелерді қозғады. Пана іздеп жүрген адамдарға және Таяу Шығыстан Қазақстан мен Палестинаның 127 эвакуацияланған азаматын туыстарына беру жөнінде куәліктер берілді.
- Басқарманың қызметіне шетелдік білікті қызметкерлерге рұқсат беру, ұзарту функциялары да кіреді. 2023 жылы жоғары білікті шетелдік мамандарды тартуға 1 242 рұқсат берілді, жергілікті бюджетке 738 млн теңге көлемінде салық алымы төленді, - деп қорытындылады басқарма басшысы Б.Жаубасов.
Оқи отырыңыз: Алматыда жұмыссыздық деңгейі төмендеді