Өскеменде жоғалып кеткен 12 жастағы қыз өз үйінің шатырынан табылды

Өскеменде жоғалып кеткен 12 жастағы қыз өз үйінің шатырынан табылды
Жасөспірім анасымен ұрысып қалғаннан кейін, үйінен кетіп қалған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Өскеменде жоғалып кеткен жасөспірім қыз аман-есен табылды. Полиция мен Ұлттық Ұлан қызметкерлері жүргізген іздеу жұмыстары тура бір тәулікке созылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еске сала кетсек, 7 тамыз күні сағат 18:30 шамасында Өскемен қаласының Есенберлин көшесі, 4 «А» мекенжайында тұратын, 12 жастағы Жанерке Қанапиянова үйінен шығып кетіп, қайта оралмағаны хабарланған болатын. Оны іздестіру жұмыстары ұйымдастырылып, іздеу шараларына Өскемен қалалық Полиция басқармасының жеке құрамы мен Ұлттық ұланның 60 әскери қызметкері жұмылдырылды.

Құқық қорғаушылар мен Ұлттық гвардия қызметкерлері Өскемен қаласының 19-шағынауданында іздеу жұмыстарын жүргізіп, жергілікті тұрғындардан сұрастырған. Бүгін ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі қыз баланың дін аман табылғанын мәлімдеді.

«Жасөспірімді іздестіру жұмыстары сәтті аяқталды. Ол 8 тамыз күні кешқұрым табылды. Қыз баланың өзі түсіндіргендей, ол осы уақытқа дейін өзі тұрған үйінің шатырында тығылып отырған. Анасымен ұрысып қалғаннан кейін, ол үйінен кетіп қалған. Баланы медициналық қызметкерлер тексеріп, өміріне ешқандай қауіптің туындап тұрмағанын анықтады», - делінген департаменттің хабарламасында.

Қазіргі уақытта істің мән-жайын Жасөспірімдер ісі жөніндегі полиция тексеріп жатыр.


Новости партнеров