Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті бір жасар қыздың патологанатомиялық зерттеуінің қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Sputnik.
Сот-медициналық сарапшылар баланың өлімі екпемен байланысты емес деген қорытынды шығарған.
«Көкшетаудағы бала өліміне тыныс алу жеткіліксіздігі себеп болды деген қорытынды жасалып отыр. Бұл ауру екі жақты тінаралық серозды-десквамативті өкпе қабынуының салдарынан болған», - деп жазылған қорытындыда.
Мамандардың айтуынша, мұндай сырқат ұзақ уақыт бойы біртіндеп асқынады. Яғни тінаралық пневмония - созылмалы өкпе қабынуы. Негізінен, ол ұзақ уақыт бойы ағзаға әсер ететін никотин салдарынан болады.
Ведомстводағылар бала ұзақ уақыт бойы темекі шегетін бөлмеде болып, оның түтінін жұтқан деп отыр.
Сондай-ақ сот-медициналық сарапшылар өлімнен 1-3 күн бұрын қыздың денесінің қатты затқа ұрылып, көгергенін анықтаған.
Қазір комитеттің аумақтық департаменті сот-медициналық сараптама қорытындысын тәуелсіз сарапшыға тапсырды. Тексерістен соң, сараптама материалдары Көкшетау қаласының полиция басқармасына жіберіледі.
Еске сала кетсек, наурыздың 5-нен 6-на қараған түні Көкшетаудағы жедел жәрдем бригадасы 2018 жылдың 29 қаңтарында дүниеге келген қыздың өлімін растаған болатын.
Балаға 5 наурыз күні «Қалалық емханада» екпе салынғаны анықталды (ККП, ОПВ және пневмококк вакцинасы).
«Екпе салудың алдында баланы дәрігер қарап шықты. Екпе салуға ешқандай қарсы көрсетілім болмады. Баланың әжесі вакцина жасауға қарсы емес екенін айтты. Екпені профилактикалық вакцина салуға рұқсаты бар медбике жасады», - деп хабарлады комитет өкілдері.
Сондай-ақ, бұл күні тағы 23 балаға екпе салынған. Бәрі қалыпты жағдайда өткен.
Бала өлімі бойынша Қылмыстық кодекстің 317-бабының 3 бөліміне (медициналық қызметкердің кәсіби міндеттерін дұрыс орындамай, абайсызда адам өлiмiне әкеп соққан іс-әрекеттер) сәйкес қылмыстық іс қозғалды.