Мейрамханаларда түнгі сағат 23.00-ден таңертенгі 8.00-ге дейін алкаголь өнімдерін сатуға тыйым салыну мүмкін
Соңғы уақытта шаһардағы түнгі клубтар мен караоке-барларда қоғамдық тәртіп бұзу деректері, қылмыстық әрекеттер көбейіп кетті. Бұл туралы қалалық әкімдікте өткен елордадағы ойын-сауық және тамақтану орындарындағы санитарлық норма мен қоғамдық тәртіпті сақтау жөніндегі отырысында айтылды, деп хабарлайды Елорда Инфо.
Жиынға Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бақытжан Малыбаев пен Инвестиция және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Рысгүл Қауғабаева, Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ғосман Жакин және мемлекеттік мекемелер мен заң органдарының қызметкерлері, ойын-сауық орындарының өкілдері қатысты.
Бақытжан Малыбаевтың мәліметінше, елордада караоке-бар, түнгі клуб сияқты мыңнан аса ойын-сауық орындары жұмысын жүргізіп отыр. Ал көктем-жаз мезгілдерінде көшедегі сыраханалар қосылып, олардың саны тіптен арта түседі.
«Талдау жұмыстарына сәйкес, қаладағы ойын-сауық орындарында қоғамдық тәртіп бұзу, қылмыстық әрекеттер көбейіп кетті. Мәселен, 14 наурыз күні таңғы сағат 5-тер шамасында «Хиты ХХ века» түнгі клубының маңында болған төбелес кезінде Әшірбеков деген азаматты оң жақ жамбас тұсынан пышақтаған. Ал 31 наурыз күні таңғы сағат төрт жарымда «Золото» мейрамханасында Ахметов деген азамат сол жақ өкпе тұсынан пышақ жарақатын алған», – дейді Ғосман Жакин.
Оның айтуынша, жыл басынан бері бас қаладағы ойын-сауық орындарынан Ішкі істер органдарына 3500-ден аса шақырту түскен. Соның ішінде ең көп шақырту Алматы ауданының еншісінде екен (Алматы ауданы – 784, Сарыарқа ауданы – 647, Байқоңыр ауданы – 466, Есіл ауданы – 356).
Тексеріс барысында «Микс» дәмханасының кіреберіс тұсы ғана жарықтандырылғанын тілге тиек еткен полиция майоры қоқыс жәшіктері мен шылым шегуге арналған орындары жоқ, бейнебақылау құрылғысы орнатылмаған, автотұрақтарына электр жарығы қойылмаған, ауласына абаттандыру жүргізілмеген ойын-сауық орындарының көп екенін атап өтті. Онымен қоса, кейбір караоке-барларда мемлекеттік лицензиясы бар күзет қызметі де қарастырылмаған. Соның салдарынан айналасы қоқысқа толып, тәртіп бұзу да жиі болады.
Сондай-ақ мамандар көпқабатты тұрғын үйдің төменгі қабатында орналасқан кейбір ойын-сауық орындары тиісті заңдылықты сақтамай, тұрғындардың тыныштығын бұзатынын айтады.
Бұл тұрғыда Ғосман Жакин қоғамдық тәртіп бұзуды азайтып, қылмыстың алдын алу үшін алдағы уақытта түнгі клубтар мен караоке-барларда, мейрамханаларда түнгі сағат 23.00-ден ертеңгі күнгі сағат 8.00-ге дейінгі аралықта алкаголь өнімдерін сатуды белгілі бір мөлшерде тыюды ұсынды.