Халық санағы 10 жыл ішіндегі Қазақстанда болған экономикалық, демографиялық және әлеуметтік өзгерістерді көрсетеді
2020 жылғы халық және тұрғын үй қоры санағын жүргізу бойынша БҰҰ еуропалық статистиктер конференциясының ұсынымдарына сәйкес «Халық санағы» «барлық халықтың әлеуметтік және демографиялық сипаттамаларының жиынтығы бойынша ақпаратпен қатар елдің аумағында және оның ең кіші географиялық бірліктерінде тұратын халық санын уақыттың тұрақты интервалы арқылы ресми есепке алуды (немесе бақылап салғастыруды) жүргізуге мүмкіндік беретін іс-шара» ретінде айқындалады, деп хабарлайды Almaty.tv
Халық санағының қорытындылары жалпы ел бойынша, қалалық және ауылдық жерде және өңірлік бөліністе жынысы мен жасы, неке жағдайы, ұлттық құрамы, азаматтығы, ұстанатын діні, білім деңгейі, тілдерді меңгеруі, үй шаруашылықтарының (және отбасылардың) саны мен көлемі, тұрғын үй жағдайлары және басқа да сапалық және сандық белгілері бойынша халық санының құрылымындағы өзгерістер сияқты халықтың демографиялық және әлеуметтік-экономикалық дамуында өткен 10 жыл ішіндегі Қазақстан Республикасында болған экономикалық, демографиялық және әлеуметтік өзгерістерді көрсетеді.
Халық санағы үш түрлі бағытта жүргізіледі:
Бірінші бағыт ‒ тұрғындардың тұрғын-үй жағдайы туралы. Бұл 8 сұрақтан тұратын «2-Ж Бланкісін» толтыру арқылы жүргізіледі. Бланкіде ‒ тұрғын үй типі, жалпы ауданы, сумен жабдықталуы, жылыту жүйесі, бөлмелер саны туралы ақпарат жинастырылады.
Екінші бағыт ‒ Қазақстанда тұрақты тұратындар үшін жүргізіледі. Бұл 40 сұрақтан тұратын «3-И Бланкісін» толтыру арқылы жүргізіледі. Бланкіде ‒ жынысы, туған күні, ұлты, білім деңгейі, неке жағдайы сияқты сұрақтар болады.
Үшінші бағыт ‒ Қазақстанда уақытша жүрген азаматтар үшін жүргізіледі. Бұл 11 сұрақтан тұратын «4-В Бланкісін» толтыру арқылы жүргізіледі. Бланкіде ‒ жынысы, азаматтығы, тұратын елі, ҚР-ға келу мақсаты жайлы сұрақтар болады.
Санақ нәтижелері үй шаруашылығының жағдайларын, некелік-отбасылық қатынастарды жақсарту, мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмірін, халықтың тұрғын үй жағдайларын жақсарту бойынша мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу үшін, сонымен қатар білім, жұмыспен қамту, туу және көші-қон мәселелері бойынша шешімдерді қабылдау үшін қажет.