Биыл Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы ЮНЕСКО аясында атап өтіледі

Фото: ашық дереккөзден
Фото: ашық дереккөзден
Ол қазақ тілін ұлтсыздандырудың сұрапыл дауылына ерте бастан дайындап, артында өшпес із қалдырғаны үшін әр қазақтың көңілінде аяулы есім болып сақталған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы халықаралық деңгейде, ЮНЕСКО аясында атап өтіледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Өткен жылы 21 қарашада ЮНЕСКО-ның 41-ші Бас конференциясының арнайы қарарымен 2022-2023 жылдарға арналған халықаралық мерейтойлар тізімі қабылданып, оған Қазақстанның ұсынысымен тілтанушы, әдебиетші Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы және әнші Роза Бағланованың 100 жылдығы енді. Ұлт ұстазының мерейтойын атап өту барысында еліміздің оқу орындарында ғылыми-практикалық конференциялар, оқулар т.б іс-шаралар ұйымдастырылады. ТҮРКСОЙ ұйымы мүшелерінің қатысуымен халықаралық Түркологиялық конгресс өткізу жоспарланған. Алаш қайраткерінің шығармашылығы бойынша білім беру орындарында ашық сабақтар, тақырыптық конкурстар өткізіледі. Сонымен қатар ұлт ұстазының таңдамалы еңбектерін орыс, ағылшын және түрік тілдеріне аудару, ғылыми еңбектерінің толық жинағының 12 томдығын баспадан шығару, Ахмет Байтұрсынұлының және «Алаш» қозғалысының басқа да қайраткерлерінің еңбектерін шетелдердің архивтерінен іздестіріп, ғылыми айналымға енгізу бойынша зерттеу жұмыстары жүргізіледі. 

Сондай-ақ Мемлекеттік комиссия Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына дайындықты пысықтады. Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылдың 5 қыркүйегінде қазіргі Қостанай облысының Жангелді ауданы Ақкөл ауылында дүниеге келген. Ол қазақ тілін ұлтсыздандырудың сұрапыл дауылына ерте бастан дайындап, артында өшпес із қалдырғаны үшін әр қазақтың көңілінде аяулы есім болып сақталған. Оның 1910 жылдан бастап дайындаған әліпбиі бүгінге дейін Қытай қазақтарының ұлттық графикасына негіз болып отыр. Араб графикасының негізінде түзген сол әліпби Ыбырай Алтынсарин кезеңінен қалған «миссионерлік әліпбидегі» қазақ әуезіне жат әріптерді шығарып, бүкіл графиканы үндестік заңына бағындырғаны тарихтан белгілі. Оның көз майын тауысып жазған «Оқу құралы» мен «Тіл құралын» тілтанушылар, ал «Әдебиет танытқышын» әдебиетшілер әлі күнге дейін темірқазық етіп келеді десек, артық айтпаспыз. Ахмет Байтұрсынұлының есіміне тұңғыш деген тіркесті жалғай отырып, ұлт үшін істеген еңбегін тізсек, екі қолдың саусағы жетпес. Төл әліппенің тұңғыш авторы, тұңғыш терминолог, тұңғыш фонетик, тұңғыш лексиколог, тұңғыш әдебиеттанушы, тұңғыш публицист деп кете береді. Ол ойлап тапқан терминдер арада ғасырдан астам уақыт өтсе де, жаңа мазмұнға ие болып, қазақ тілін шұбарланудан сақтап келеді. Ұлт реформаторының ағарту ісіндегі даңқты жолы 1882 жылы ауыл мектебінен басталған еді. 1890 жылы Торғайдағы екі кластық орыс-қазақ училищесін, 1895 жылы Орынбордағы мұғалімдер мектебін бітірген. 1895-1909 жылдарда Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездерінде мұғалімдік қызмет атқарып, 1909 жылы саяси көзқарасы үшін Семей түрмесіне жабылып, жер аударылады. 

1913 жылы Орынборда «Қазақ» газетін ұйымдастырып, 1917 жылдың аяғына дейін оның редакторы болды. 1918-19 жылдары Алаш Орда қатарында Әлихан Бөкейханмен тізе қосып, қазақты өркениет көшіне сүйреді. 1919 жылы Қазақ өлкесін басқаратын Әскери-революциялық комитеттің мүшелігіне тағайындалып, 1922-25 жылдары Қазақстан Халық ағарту комиссариаты жанындағы ғылыми-әдеби комиссияның төрағасы, Халық ағарту комиссары, Бүкілресейлік ОАК-ның, ҚР ОАК-нің мүшесі ретінде қызмет істеді. 1925-29 жылдары Қазақ халық ағарту институтында (Ташкент) және ҚазПИ-де оқытушы болды. 1929 жылдың маусымында қамауға алынып, Архангельск облысына жер аударылды. 1934 жылы Максим Горькийдің зайыбы Екатерина Пешкованың қолдаухатымен босатылып, Томскіде айдауда жүрген жұбайы Бадрисафамен бірге Алматыға қайта оралады. 1937 жылы тамыз айында қайта қамауға алынып, 8 желтоқсанда «Халық жауы» деген жаламен атылды. Оның ардақты есімі тек 1988 жылы ғана ақталды.


Новости партнеров