Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев үкіметтің кеңейтілген отырысында көлеңкелі айналыммен күресті күшейтуді тапсырған болатын
Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов тауарлар мен қызметтерді сатып алу кезінде қолма-қол есеп айырысу бойынша лимит белгіленуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Сүлейменовтің айтуынша, министрлік қаржы ведомствосымен бірлесіп экономикадағы қолма-қол ақшасыз ақша айналымын ұлғайтуға бағытталған салық, сауда саясаты, салалық реттеу шаралары жөніндегі мәселені пысықтамақ.
«Тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде қолма-қол есеп айырысу бойынша лимитті белгілеу және жылжымайтын мүлік пен көлікті міндетті түрде қолма-қол ақшасыз сату және басқа да мәселелер қаралатын болады», - деді министр үкімет отырысында.
Ол министрліктің жұмысы 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарының нысаналы индикаторларын орындауға бағытталғанын атап өтті.