Вице-министрдің түрмеде отырып жазған кітабы жақын арада басылып шығады
Бүгін сот залынан босатылған білім вице-министрі Эльмира Суханбердиева қамауда отырған кезде кітап жазғанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
«Түрмеде отырған 34 күн бойы мен кітап жаздым. Оның аты – «Түрме вице-министрдің көзімен». Жақын арада жарыққа шығады. Бұл өте қызықты кітап болады. Ол мен туралы автобиография емес, сан алуан адамдардың пікірі енгізіледі. Мен оны аяқтауға жақынмын. Әдеби түзетулер ғана қалды», – деді Суханбердиева.
Оның айтуынша, бұл кітапты шетелдіктер сұрап отыр. Бірақ вице-министр оны алдымен Қазақстанда таратамын дейді.
«Қазір маған баспа орталықтары хабарласып жатыр. Олар кітапты басып беруге ниетті. Мен арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, журналистерге де таратамын», – деді Суханбердиева.