Биыл елордада Алаш арыстарына ескерткіш орнатылмақ

20.05.2021 в 17:10

Қазіргі уақытта ескерткішті орналастыру нұсқалары қарастырылуда

Биыл елордада Алаш арыстарына ескерткіш орнату жоспарланған. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Мәжіліс депутаттарына берген жауабында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Egemen.kz-ке сілтеме жасап.

«Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің мәліметіне сәйкес, Тұран даңғылы мен Сығанақ көшелерінің қиылысындағы аллеяға «Алаш» атауын беру мәселесі алдағы уақытта қалалық ономастика комиссиясының кезекті отырысында талқыланады. Сонымен бірге астана әкімшілігі осы жылы Алаш арыстарына ескерткіш орнатуды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта ескерткішті орналастыру нұсқалары қарастырылуда. Жалпы Алаш қайраткерлерінің есімін ұлықтау жұмыстары жалғасуда және Үкіметтің тұрақты бақылауында»,– деді Е. Тоғжанов сауалға берген жауабында.