Алматыда Каблуков көшесіне Әбіш Кекілбаевтың есімі берілді

21.09.2019 00:07

Көшенің ұзындығы 3 шақырымнан асады

Алматыда халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың құрметіне көше берілді. Енді бүгіннен бұрынғы Каблуков көшесі абыз тұлғаның есімімен аталады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Салтанатты ашылу рәсіміне Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев, белгілі қоғам қайраткерлері, жазушылар мен жақындары қатысты. Қала басшысы әдебиетіміздің алып бәйтерегінің шығармалары тек еліміздің аумағында ғана емес, әлемге тарағанын атап өтті. Көше атауы ғұламаның 80 жылдығына орай беріліп отыр. Оның жалпы ұзындығы 3 шақырымнан асады.

«Жақсы болудың жақсылық жасаудан басқа жолы жоқ» деп мәлімдеген Әбіш Кекілбайұлының сөзінде де, шығармашылығында да жасандылық болған жоқ. Ұлы Мұхтар Әуезовтен бата алған талантты тұлға ойын ірікпей айтты, сырын бүкпей жазды, еліне жанын салып адал қызмет етті. Әбіш Кекілбай шығармаларын оқи отырып, қазақ деген халықтың ұлттық мінезін, мәдениетінің сан қырлы қатпарын жазбай тануға болады», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

«Әбіш 1957 жылы Алматыға оқуға түсті. 1962 жылы оқуын бітірді. Сосын 1963 жылы анасын көшіріп әкелді. 1964 жылы мен Ақтөбеден медициналық университетті бітіріп келдім. 51 жыл бірге тұрдық. Шығармашылығының көбі осы қаладан басталды. Ол – осы студент кезінен, тіпті мектептен жүрген кезінен көзге түскен адам», – деді Әбіш кекілбаевтың жұбайы Клара ЖҰМАБАЕВА.

Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің құрметіне мемориалды тақта да ашылды. Қазақстанның еңбек ерінің аты-жөні мен суреті бейнеленген тақтайша қаладағы Назарбаев даңғылы және Бөгенбай батыр көшелерінің қиылысындағы өзі тұрған үйдің қабырғасына ілінді.

«Алғаш рет Әбіштің өлеңдер жинағы осы үйде келді. Басылды. Жарық көрді. «Шыңырау» да, «Аңыздың ақыры» да осы үйде дүниеге келді. «Аңыздың ақырымен» бірге Әбіштің проза жанрына жаңалығы келді», – деді ҚР Халық жазушысы Әбдіжәміл НҰРПЕЙІСОВ.

Қазақ әдебиетіне «Үркер», «Елең-алаң» романдары секілді шоқтығы биік туындылар әкелген абыз тұлға саналы ғұмырында жауапты қызметтерде істеді. Қазақстан Республикасының мемлекеттік кеңесшісі, жоғарғы кеңестің төрағасы мемлекеттік хатшы қызметтерін атқарды. Сондай-ақ, Парламенттің қос палатасына да депутат болды.  

«Хатшылығында бірге істеп, сол кісінің қызметін қамтамасыз етуге өз үлесімді біршама қостым деп есептеймін. Егер жалпы алғанда 5,5 жыл жұмыс істедім десем, ол кісінің жақсы біліп, терең ұғынғаннан кейін,  Әбіштің әлемін жалпы ол кісінің өмірге көзқарасын, тереңдігін, ұғып түсінгеннен кейін мен 55 жылға 100 жасаған адам сияқты болып тұрмын», – деді ҚР Мемлекет хатшысының кеңесшісі  (1996-2002) Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ.

Биыл абыз тұлғаның туғанына 80 жыл. Бұл шаралар атаулы датаға орай ұйымдастырылды. Одан бөлек, Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында салтанатты кеш өтті. Өнер ордасында көпшілік назарына арнайы кітап көрмесі ұсынылды.

Перизат Көмекбайқызы, Арсен Сандыбаев, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы