Соңғы жылдары газбен жүретін көліктердің өртену жағдайлары көбейген. Статистика бойынша республика көлемінде газ орнатылған көліктердің кесірінен 2500-ден астам өрт тіркеліпті. Соның ішінде соңғы 3 жылда 380-ге жуық машина жанып кеткен. Сол себепті оларды жерасты автотұрақтарға кіргізбеу жөнінде Үкімет Қаулысы шыққан еді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Енді газбен жүретін көлік иелері көп қабатты тұрғын үйлер мен сауда орындарының астындағы паркингке кіріп кетсе, 12 мың теңге көлемінде айыппұл арқалайды. Ал, егер апат болса, қылмыстық іс қозғалады. Алайда бұл шектеу тұрғындар тарапынан түсінбеушілік тудырып отыр. Төтенше жағдайлар комитетіндегілер болса, бұл халықтың қауіпсіздігі үшін жасалған шешім дейді.
«Соңғы жылдары тұрғын үйлердің астына салынған пракингтерде мүңкіген газдың иісіне шағымданушылар көбейді. Біз бұл жағдайда зерттеп көрдік. Шынымен де олар қауіп төндіретінін, төтенше жағдайлар тудыратынын анықтадық. ҚР Құрылыс нормалары бойынша ондай нысандарда газбен жүретін көліктерді қою рұқсат етілмейді», – деді ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы владимир БЕККЕР.
Сабыржан Әбуев көлігіне 4 жыл бұрын газ багын орнатқан. Бұл жаңашылдықты естіп, қайран қалдым дейді. Себебі көп көшелерде, қоғамдық орындарда автотұрақтар ақылы. Енді көлігімізді көше бойына қойып кетуге мәжбүрміз дейді.
«Адамдар газды еріккеннен қойып жатқан жоқ қой. Ол бензинге қарағанда тиімді. Қазір машина өздеріңіз көріп тұрғандай, жолдың бойындағы тұрақта тұр. Көптеген тұрғын үйлерде қазір жерасты көлік тұрақтарына ақылы шлагбаумдар қояды. Ол жаққа машина қою да рұқсат етілмейді. Сондай бір жеңілдіктер ме, қандай да бір мемлекет тарапынан ыңғайлы іс-қимылдар әрекеттер болса деп ойлаймын», – деді көлік жүргізушісі Сабыржан ӘБУЕВ.
Ресми ақпарат бойынша, Қазақстанда қазір 4 млн көлік бар. Олардың 343 мыңнан астамы газбен жүреді. Енді ондай автомобильдерге арнайы белгі жабыстыру міндеттеледі. Экскизі дайын, тек бекіту қалған. Экологтар мұндай шектеу қоймас бұрын алдымен оларға жағдай жасау керек еді, дейді. Өйткені, қалада газбен жүретін көліктердің көбеюі ауаның ластануын азайтады дегенді алға тартады. Онсыз да аулаларда көліктер иін тіресіп тұрғанда газ құралын орнатқан жүргізушілер тұрақты қайдан таппақ деп аң-таң.
«Негізі бізде мемлекеттік органдарда бір нәрсеге тыйым салмас бұрын балама ұсынуы керек. Мына жерде кішкене асығыстық қылды деп ойлаймын. Бірден тыйым салып, халықты дүрліктіріп, шулатудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Сондықтан олар бірінші газ қондырғылары орнатылған машиналарға жерүсті паркингін салу керек еді. Экология тарапынан қарайтын болсақ, біздікі дұрыс емес. Себебі газбен жүретін автолар бензин, дизельде жүретін автоларға қарағанда әлдеқайда таза», – деді тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрайымы Лаура МАЛИКОВА.
Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы газбен жүретін көлік иелеріне бактарын 100 пайыз толтырмауға кеңес берді. Себебі жылы жерге кіргенде қысымның әсерінен газ көтеріледі де соңы жарылысқа әкеп соқтыруы мүмкін. Ал, енді бұл талаптан кейін көгілдір отынмен жүретін көліктер көбейе ме, жоқ әлде анағұрлым азая ма, оны уақыт көрсетпек.
Асылбек Тойбек «Алматы» телеарнасы