ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алғыс айту күнімен құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Құрметті, партияластар! Ең алдымен, баршаңызды бүгінгі Алғыс айту күнімен құттықтаймын. Бұл - өзара тілектестікті, жанашырлықты қамқорлықты дәріптейтін мейрам. Біз осындай ынтымақтың арқасында қаңтардағы қиын-қыстау күндерде мемлекеттігіміз бен тұтастығымызды қорғап қалдық. Сын сағатта бірлігін сақтай білген барша отандастарымызға зор ризашылығымды білдіремін», - деді Мемлекет басшысы «Nur Otan» партиясының кезектен тыс съезінде.
ҚР Президенті ұйымды жаңғырту туралы алқалы жиынның дәл бүгін өтуінің символдық мәні бар екендігін атап өтті.
«1 наурыз - партияның құрылған күні. 23 жыл бұрын еліміздегі ең басты саяси ұйымның негізі қаланды. Партия халықты ортақ мақсатқа жұмылдырды. Қоғамға пайдалы көптеген бастама көтеріп, сайлаушылардың қолдауына ие болды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.