Астанада Әлихан Бөкейханның құрметіне ресми түрде тұңғыш рет мұражай ашылып отыр
Астана қаласындағы №76 мектеп-лицейінің ішінен ұлт көсемі, Алаш орда қозғалысының қайраткері Әлихан Бөкейханға арналған музей ашылды, деп хабарлайды Baq.kz.
Музейдің салтанатты ашылу рәсіміне ғалым, әрі Әлиханның ұрпағы Ортай Әбдірахманов ақсақал, белгілі алаштанушы ғалымдар – профессор Тұрсын Жұртбай, әлихантанушы Сұлтан Хан Аққұлұлы, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы және «Ақ жол» демократиялық партиясының мүшесі, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Дүйсембинов, сондай-ақ ата-аналар мен оқушылар қатысты.
Ғалым Сұлтан Хан Аққұлұлы өзінің сөзінде бұл Әлиханның құрметіне ресми түрде ашылған тұңғыш мұражай екенін айтты.
Жаңадан ашылған мұражайда Алаштың ардақты азаматының портреті, қайраткерлік кезеңдерін көрсететін құжаттық деректері бар арнайы стендтер қойылған.
Сонымен қатар, алаштанушы ғалымдар Абай, Алаш, Әлихан, Шәкәрім, Мағжан атындағы дәрісханаларда сабақ өткізді. Ал мектептің бастауыш сынып оқушылары Алаш тақырыбында мәнерлеп өлеңдер оқыды.