7800 орындық білім ордасы 4 ықшамауданның оқушыларын сапалы біліммен қамтамасыз етеді. 1800 орындық мектеп «Саялыда», ал «Томирис», «Нұркент» ықшамаудандары, Дархан мен Рахатта әрқайсысы 1500 орындық білім ордасы бой көтереді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Құрылыс 2020 жылдың екінші жартыжылдығына жоспарланған. Сонымен қатар, «Нұркентте» оқушылар сарайы тұрғызылады.
«Мектептерде орын тапшылығын жою мақсатында 2019 жылы «Нұркентте» 600 орындық мектеп ашылып, 3 мектепке барлығы 1950 орындық қосымша ғимараттар салынды. Қазіргі уақытта «Қарасу»-дағы №164 мектепке 192 орындық қосымша ғимарат салынуда. №114 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде», - деді Алатау ауданының әкімі Азамат ҚАЛДЫБЕКОВ.
Кезекті кездесуде тұрғындар емін-еркін сұрақ қоюға мүмкіндік алды. Аудан басшысы көпті толғантқан мәселелер біртіндеп шешілетінен айтты. Биыл Алатау ауданында дат сәулетшісі Ян Гейлдің бағдарламасы аясында Рысқұлов даңғылы мен Солтүстік айналмадағы көшеге көріктендіру жұмыстары жасалады. Аудандағы 414 көшенің 195 шақырымына көше шамдары орнатылады. Есте болса, өткен жылы 65 қараңғы көшеге жарық қосылды. Және 14 жылжымалы полиция пункті ашылды. Бұл қылмыстың алдын алуға септегін тигізуде дейді аудан әкімдігі.
«Ең криминогенді 5 учаскеде орнатылған «Модуль» стационарлық полиция бекеттері тәулік бойы 2 ауысымдық режимде жұмыс істейді. Олар «Саялы», «Зерделі», «Теректі», «Ақбұлақта» орналасқан. Аталған полиция бекеттеріне 342 адам арызданды, 31 әкімшілік іс қозғалды, 45 арыз бойынша шұғыл шаралар қабылданды, 68 адамға заңгерлік көмек пен құқықтық кеңес берілді», - деді Алатау ауданының әкімі Азамат ҚАЛДЫБЕКОВ.