Бұл туралы ӨКҚ брифингінде Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек хабарлады
Алматы жүргізушілері 1 желтоқсан мен 1 наурыз аралығында қысқы дөңгелекпен жүруге міндетті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Техникалық регламент талабы осындай. Бұл ҚР Әкімшілік кодексінің 590-бабының 5-бөлігі. Қысқы уақытта жазғы дөңгелекпен жүрген жүргізуші анықталған жағдайда полиция қызметкерлері айыппұл салуға құқылы. Бұл туралы ӨКҚ брифингінде Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек хабарлады.
Мұндай бұзушылық үшін айыппұлдың ең төменгі мөлшері 5 АЕК құрайды, егер бір жыл ішінде жүргізуші осындай құқық бұзушылықты қайта жасаса, онда айыппұл 10 АЕК-ке дейін артады.
«Қыс таяп қалды, сондықтан 1 желтоқсаннан 1 наурызға дейін біздің барлық автокөлігіміз қысқы резеңкеге ауысуы керек. Бұл қауіпсіздік талаптары, өйткені ірі мегаполисте алғашқы жауын-шашын басталғаннан кейін хаос басталады. Оның себебі - жүргізушілердің қыс мезгіліне дайын еместігінде», - дейді С. Әзірбек.
Ол жүргізушілерді алдын ала қамданып, көлікті қыс кезіне ертерек дайындауға шақырды, әсіресе полицейлер бұл бағытта 1 қарашадан бастап профилактикалық жұмыстарды бастады. Тәртіп сақшылары жүргізушілерді ескертеді.