Алматы тұрғындары ПИК жұмысына наразы

06.03.2020 17:13

Сорақысы сол – қызметтері үшін ақыны ай сайын тұрақты алып отырады

Almaty.tv

Тозған үй, подъездегі қауіпті баспалдақтар, ұсқынсыз ойын алаңдары. Бұл «Мамыр» ықшам ауданындағы ауланың көрінісі. Тұрғын үйге «Школьник» пәтер иелері коперативі жауапты. Ай сайын ақшасын төлеп отырған тұрғындар жайлы жағдайдың жоқтығына наразы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Бірнеше жылдан бері жыр болған бұл мәселелер қашан шешімін табады? Әкімдік бұған қалай жауап берді?

«Мамыр» ықшамауданындағы 4 қабатты тұрғын үйдің жөндеу көрмегеніне 30 жылға жуықтаған. Кіреберістен бастап шығатын жағымсыз иіс қолқаны қабады. Тұрғындар қанша жылдан бері пәтер иелері коперативіне барғанымен нәтиже жоқ. Сорақысы сол – қызметтері үшін ақыны ай сайын тұрақты алып отырады.

«Подъезден жағымсыз иіс шығады. Төбеден су тамшылайды да тұрады. Жас болсам өзім-ақ істей салушы едім. Оған әлім жоқ. Жасым 82-де. Жертөлеге түсе алмаймын. 40 жылдан бері осы үйде тұрамын. Ай сайын ақша төлегенімізбен жұмыс жасалмайды», – деді Әуезов ауданының тұрғыны Ташмұхамбет ТАИПОВ.  

Ауладағы ойын алаңының сыйқы мынау. Балалар демалытын жер қаңғыбастардардың мекеніне айналған. Тұрғындардың айтуы бойынша, қыстың үш айында ауладағы ақұлпа мүлдем тазартылмапты да.

«Қыс мезгілінде мына жердің бәрі мұз болып жатты. Келіншегімнің аяғы ауыр. Тайып құласа не болушы еді. Тұрғындар үшін өте қауіпті. Ешқандай жағдай жасалмаған», – деді Әуезов ауданының тұрғыны Махамбет СҮЛЕЙМЕНОВ.

Біздің түсірілім тобымызды көрген «Школьник» пәтер иелері каперативіне жауапты адам тұрғындардың шуынан кейін келді. Осы үйде тұратын кейбір тұрғындар басшының жүзін алғаш рет көріп тұрмыз дейді. Керісінше тұрғындар сөзін жоққа шығарды.

«Бұл үйге жөндеу жұмыстары жүргізілмеді, себебі, бірде-бір тұрғыннан өтініш келіп түскен емес. Бұл массивте көптеген жұмыстар атқарылды: электр желілерін жөндеу, су құбырларын ауыстыру,  жылу құбырларын жаңарту. Алдағы уақтта да жұмыстар жалғасады», – деді  «Школьник» ПИК басшысы Василий НАУМОВ. 

Тұрғындардың базынасынан Әуезов ауданының әкімдігі де хабардар екен. Тұрғындар мәселесін алдағы уақытта үлкен жиын өткізіп, шешіп беруге уәде етті.

«Бұл тұрғын үйге «Школьник» пәтер иелері коперативі жауапты. Біз дереу шара қолданамыз. Ол үшін Алматы тұрғын үй саясаты басқармасымен бірлесіп, тұрғындармен жиналыс өткіземіз. Сондай-ақ, тұрғындардың шағымынан кейін пәтер иелері коперативінің басшысын ауыстырамыз», – деді  Әуезов ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Азат КӘКЕТАЕВ.

Бірнеше жылдан бері жыр болып келе жатқан тұрғын үйдегі бірқатар мәселелердің шешімін табу үшін тұрғындардың күтуден басқа басқа амалы жоқ. Әкімдіктің уәдесін естіген олар тағы да бір үмітпен тарқасты.

Ұлағат Арғынұлы