Алматыда Нұрғиса Тілендиевті еске алу кеші өтеді

15.10.2021 17:13

Іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің және Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, қоғам қайраткерлері, Н.Тілендиевтің туыстары қатысады

фото из открытых источников

Бүгін Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының Камералық залына КСРО Халық артисі, Халық қаһарманы Нұрғиса Атабайұлы Тілендиевтің есімін беру салтанатты рәсіміне орай мемориалды тақтаның ашылуы және Н.Тілендиевті еске алу кеші өтеді, деп хабарлайды Almaty.tv.  

Іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің және Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, қоғам қайраткерлері, Н.Тілендиевтің туыстары қатысады деп күтілуде.  Мемориалды тақтаның салтанатты ашылуынан кейін Камералық залда Н.Тілендиев  атындағы мемориалды музейінің экспонаттар көрмесі қойылады.

Сонымен қатар, сағат 19:00-де Филармонияның Үлкен залында Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі мен Б.Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласы мерейтойлық концерттік бағдарламасын ұсынады. Аталған концертте жеке орындаушылар:  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Дина Хамзина, Нұржан Жанпейісов, Гүлзия Стамбек, ҚР мәдениет қайраткері Есенгелді Ырза, халықаралық конкурстардың лауреаттары Әміре, Фархат Кубиев, Тайыр Тәжіғұлов, Данияр Байжұманов, Әсем Аубәкірова, Эльмира Қашқымбаева өнер көрсетеді.

Оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижеры Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дінзухра Тілендиева. Б.Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласының дирижеры әрі көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бейімбет Демеуов. Дирижерлар Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жалғасбек Бегендіков, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мүсілім Әмзе.

Айта кетейік, Халық қаһарманы Нұрғиса Атабайұлы Тілендиевтің есімін беру салтанатты 15 қазан күні сағат 17:00-де Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының Камералық залында өтеді.