Нұр-Сұлтанда аққалалар "әскерін" қиратқан жігіт ұсталды (видео)

24.12.2019 17:13

Үш жүз аққаладан тұратын композицияны астаналық отбасы жасаған

Үш жүз аққаладан тұратын инсталляцияны қиратқан елордалық жоғары оқу орнының студенті болып шықты. Нұр-Сұлтан полицейлері вандалды ұстады.

Нұр-Сұлтан Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 20 желтоқсанда 20 жастағы студент Ботаника бағындағы бірнеше аққаланы қиратқан.

"Қазіргі уақытта Қазақстанның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы (Ұсақ бұзақылық) бойынша құқық бұзушыға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды", - деді полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Жас жігіт бұл әрекеті үшін өкінетінін айтып, қала тұрғындарынан кешірім сұрады. Сондай-ақ, полицияның мәліметінше, ол өзі қиратқан мүсіндерді қалпына келтіруге уәде берген.

Бұған дейін Нұр-Сұлтан әкімдігі елорда тұрғындары мен қонақтарын Жаңа жыл қарсаңында бой көтерген өнер нысандарына құрметпен қарауға шақырған болатын.

Аққалалар "әскері" таяуда үлкен мұз қалашығы ашылған Ботаника бағында орнатылды. Саябақ аумағында мұз айдыны, сырғанайтын төбешік, ашық аспан астындағы галерея, сондай-ақ аязды күндері жылынуға арналған орындар ашылды.


Sputnik.