ҰҚК Алматыда және Шымкентте арнайы операция жүргізді

25.07.2019 17:14

Қару-жарақ пен оқ-дәрілерді Қазақстан аумағына әкелу және өткізудің заңсыз ірі арнасының жолы кесілді

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы, Шымкент және Қызылорда қалаларында атыс қаруын заңсыз сатумен айналысқан қылмыстық топтарды ұстады, деп хабарлайды комитеттің баспасөз қызметі.

Жасырын тергеу барысында 8 Калашников автоматы және 2 тапаншаны сату фактілері анықталды. Аталған қару заңда белгіленген тәртіппен алынды.

«Ағымдағы жылдың 18-19 шілдеcінде Алматы және Шымкент қалаларында топ мүшелерін ұстау бойынша арнайы операция өткізілді. Олардың кейбірі деструктивті діни ағымдарды ұстанушы және «ұрылар қауымдастығы» өкілдерімен тұрақты байланысы бар адамдар», - деп хабарлады ҰҚК.

Күдіктілердің бірінің тұрғылықты жерін тінту барысында қаруды құрастыруға және қайта жасауға арналған станок пен құрал-саймандар табылған.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде Қазақстан аумағына қару әкелетін кезекті ірі арна жойылды. Ұсталған адамдар бұрын сатқан криминалдық қаруды заңсыз айналымнан алу бойынша іс-шаралар жүргізілуде.