Әлеуметтік желілерде балаларға жасалатын буллингке тосқауыл қойылады. Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Құжатта платформалар, 100 мыңнан аса қолданушысы бар әлеуметтік желілер Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі кибербуллинг деректері бойынша өзара іс-қимыл жүргізетін өз өкілін тағайындауы тиіс делінген. Мысалы, ата-ана министрлікке баласына әлеуметтік желілерде кибербуллинг жасалды деген арызбен жүгінсе, үш күн ішінде шаралар қабылдануы қажет. Осы үш күн ішінде олар ақпаратты тексеріп, әлеуметтік желі өкіліне жібереді. Өкіл 24 сағат ішінде балаларға қатысты кибербуллинг бар контентті, ақпаратты жоюға міндетті.
«Заң жобасы барысында депутаттар бірқатар түзету енгізді. Атап айтқанда, олар ерекше қажеттіліктері бар балалардың медициналық оңалту қызметтерін алуға қол жеткізуін кеңейту, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үй алу үшін есепке қою мерзімін қысқарту ескерілген. Кәмелетке толмағандар арасында жәбірлеу, буллинг көріністерін алдын алу мақсатында «жәбірлеу» ұғымы заңнамалық түрде бекітілді», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жәмилә Нұрманбетова.
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының мәліметінше, оқушылардың 12 пайызы буллингке ұшырайды. 11 мен 15 жастағы балалардың 11 пайызы әлеуметтік желілердегі кибербуллингке қатысқан немесе осындай жағдайға ұшыраған. Былтыр кибербуллинг деректері бойынша 78 мың өтініш тіркелген.