Алмалы ауданында 200-ге жуық жалдамалы пәтер анықталды

Алмалы ауданында 200-ге жуық жалдамалы пәтер анықталды
Олар кәсіпкер ретінде тіркелмей, салық төлеуден жалтарғысы келеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Соңғы он күнде Алматының Алмалы ауданында 200-ге жуық жалдамалы пәтер анықталды. 15 қыркүйектен басталған арнайы шара нәтижесі осылай, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Заңсыз риэлторлар Абылайхан даңғылы бойында тәуліктеп тұрады. Ақысына қарай  түрлі пәтерлерді ұсынатындар туралы алматылықтар мен қалаға келетін қонақтар да жақсы біледі. Алайда қала қазынасына бұл кәсіптен көк тиын да түспейді. Жалға берушілер кәсіпкер ретінде тіркелмей, түрлі сылтаулармен салық төлеуден қашады.

«Бұл еш жерде тіркелмей, жалға берілетін пәтерлер. Сәйкесінше салық та төленбейді. Бүгін біз Панфилов пен Абылай хан даңғылын аралап, 14 пәтерді анықтадық. Барлығына салық органдарына барып, тіркеліп, салық төлеу керектігі жөнінде ескертпелер тараттық», – деді Алматы қаласы Алмалы ауданы әкімі аппаратының бөлім басшысы Нұрлан БӨЖЕЕВ.

Учаскелік полиция мен әкімдік өкілдері әр пәтердің есігін қағып, шот бойынша қарыздарын төлемегендерді анықтауға шықты. Осындай тексерістің  жыл басынан бері Алмалы аудандық мемлекеттік кірістер басқармасында пәтерді жалға беретін жеке кәсіпкер ретінде 500 салық төлеуші тіркелген.

«Өткен жылмен салыстырғанда биыл тіркеліп жатқандар көп. Олар салықты уақытылы төлеу керектігін түсінген. Оның көлемі де көп емес, соманың 1 пайызы. Айына шақсақ, көп те болмайды», - дейді Алматы қаласы Алмалы аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының бас салықтық инспекторы Алик ДЖАФАРОВ.

Тұрғындар соңғы екі жылда салық органы қызметкерлері жалға беру тәртібіне әсерлерін тигізді деп отыр. Яғни үй иелері бұрынғыдай кім көрінгенге пәтерді жалға бере бермейді.

«Жалға беретіндердің көбі сағатына өткізетіндер, бұл пәтерлерде жезөкшелер де көп. Біз оның бәрін көріп отырмыз. Бірақ қазір біршама тынышталғаны жасырын емес», - деді Алуа БАЙҚАДАМОВА.

Дегенмен тұрғындар тарапынан да түйткілді мәселе бар. Ревизорлар заңсыз пәтерді жалға берушілерді анықтауда азда болса көмек көрсетсе екен дейді.

«Ең алдымен кездесетін қиындық – жалға алушылар есіктерін ашпайды. Қандай да бір жауапкершіліктен қорқады. Ішкі істер органымен қарым-қатынас жоқ. Сол үшін осы тектес шараны өткізіп жатырмыз. Оның үстіне біз әр аулаға, әр кіреберіске учаскелік полиция қызметкері туралы ақпаратты іліп қойдық», - дейді Алматы қаласы ЖПҚ Алмалы аудандық полиция басқармасы басшысының орынбасары Рүстем ӘБДІҒАЛИЕВ.

Айта кетейік, пәтерлерді заңсыз жалға берушілерді анықтау шарасы Алматыда жыл соңына дейін жүргізілетін  болады.

Азамат Әуезхан, Жанат Айтенова, Ялкунжан Ашимжанов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров