Алматының халықаралық аренадағы өзіндік орны қалыптасуда
Алматыда Қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысы өтті, оның барысында қала әкімі Бауыржан Байбек «Көкжайлау» жобасын жүзеге асыруды кейінге қалдыруды ұсынды, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Алматы әкімі тау локацияларын, жалпы туризмді дамыту еңбекпен қамтуға, экономиканы өсіруге, экспорттық түсімді арттыруға оң ықпал ететінін, сонымен қатар қазіргі кезде электронды коммерцияны дамыту мен сауданы қысқартудың маңызды екенін атап өтті. Бүгінгі күні қалада бұл бағытты дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүруде, жаңа архитектуралық келбет пайда болуда, тартымды нысандар бой көтеруде, Алматының халықаралық аренадағы өзіндік орны қалыптасуда.
«Таулар - бәсекелестіктегі біздің басты артықшылығымыз, сондықтан біз оны ұтымды пайдалануымыз қажет. Австрия сарапшыларының бағасы бойынша, оны тиімді пайдалану үшін 7-10 жыл ішінде 1,5 миллиард доллар жұмсалса, онда экономика үшін жыл сайын 2 миллиард доллар пайда табуға болады екен. Ең маңыздысы - 20 мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылады. Дегенмен, біз экономиканың, социумның, экологияның тепе-теңдігін сақтауымыз қажет, яғни қоршаған ортаға өте аз мөлшерде әсер ететін заманауи курорттарды салуға тиіспіз. Бұл істе асықпаған жөн деп есептеймін. Барлық сарапшылар пікірлерін, жаңа локациялар болашағын қарастырған жөн. Сондықтан жобаны тағы бір рет пысықтап, кейінге қалдыруды ұсынамын. Оның үстіне, жұмыс істеп тұрған курорттарды дамытудың өзі сарапшылардың пікірі бойынша кем дегенде 3-5 жылға созылады екен. Осы жылдар ішінде қажетті тәжірибені жинақтаймыз, кадрларды дайындаймыз, тұрғындардың және курорттар қонақтарының пікірлерін зерттейміз. Содан кейін ғана «Көкжайлау» тау-шаңғысы курортын салуға кірісетін боламыз», - деді Бауыржан Байбек.
Айта кетерлігі, жаңа концепция барысында қаржының шығын бөлігі оңтайландырылды, құрылыс салынатын жердің қоршаған ортаға тигізер ықпалы 14 есе, ағаштарды сүру 26 есе азайды. 100 га жер Ұлттық паркке қайтарылады.
«Көкжайлаудың» жаңа концепциясында жеке коттедждерді жобалау мүлдем болмайды. Өткен жылдың қараша айында жобаның қоршаған ортаға тигізер ықпалы жөнінде алдын ала қоғамдық тыңдау болды.
Бұл «Алматы-2020» жобасынан кейінгі қалалықтардың қатысуымен талқыланған екінші жоба. Орхусск конвенциясының барлық талаптары сақталды. Қоғамдық тыңдау қорытындысы бойынша ашық оқуға болатын 293 парақтан тұратын хаттама жасалды. Өткен 5 ай ішінде ол сараптамадан өтті. Қорғаныс министрлігінің балансындағы ЦСКА-ның тау-шаңғысы базасы қаланың коммуналды меншігіне берілетін болғандықтан «Master Concept» компаниясының консультанттары «Көкжайлау» курорты мен ЦСКА-ны біріктіруді ұсынды, ал бұл базалық станцияның локациясын өзгертеді.
Жалпы, Шеберлік-жоспарда «Тау Парк» курорты мен Бутаковка шатқалын дамыту қарастырылған. Жаңа локацияларды «Көкжайлаумен» берге бірыңғай кластерге енгізу қажет. Курортқа келушілердің 70 пайызын қалалықтар құрайтындықтан плато аймағында қонақүй салынбайды.
«Тау -шаңғысы индустриясы дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенсек куорттарды қаржыландыру принципі мынадай: жол және инженерлік инфрақұрылымдар толығынан мемлекеттің есебінен салынады, коммерциялық бағыт жеке инвесторлар есебінен жүзеге асады, ал тау-шаңғысы құрылымының бір бөлігі мемлекет есебінен субсидияланады. Қазіргі кезде субсидиялаудың бұл механизмі Үкіметте талқылануда. Сондықтан «Көкжайлау» және басқа курорттар тек мемлекеттік бюджет есебінен ғана емес, осы қағида бойынша қаржыландырылуы тиіс. Яғни, жобаға бюджеттен барынша аз шығын жұмсай отырып, жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырған жөн. Ал, жобаға жұмсауға жоспарланған қаржыны өзге қалалық маңызды бағдарламаларға аудару қажет», - деп атап өтті Бауыржан Байбек.