Алматыда салық төлеуден жалтарған қымбат үйдің иелеріне 1 апта уақыт берілді

Алматыда салық төлеуден жалтарған қымбат үйдің иелеріне 1 апта уақыт берілді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда миллиондап табыс тапса да, салық төлеуден жалтарып жүрген азаматтар анықталды. Қаланың қақ ортасындағы элиталық тұрғын үй кешеніндегі 12 пәтер иесі шаршы метрді жалға заңсыз беріп келген. Тіпті, салық органында жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген. Кәсібін заңсыз дөңгелетіп отырған азаматтарды Медеу ауданы мемлекеттік кірістер басқармасының мамандары тексеру барысында әшкерелеген.

Жалпы, Медеу ауданында ресми түрде тіркеліп, пәтерін жалға берумен айналысатын 2 700 кәсіпкер қазынаға 55 миллион теңге құйып отыр. Заң бұзушылыққа барған тұрғындар қалай анықталуда? Оларға қандай шара қолданылады? Бұл туралы Медеу ауданы мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш ТҮМЕНБАЕВТАНн сұрап білсек.

– Қуаныш Әшірбайұлы, Медеу ауданындағы қымбат пәтерлерін жалға беретін қанша тұлға анықталды?

– Бүгінгі күні пәтерлерін заңсыз жалға беретін азаматтар бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс әрдайым жүргізілуде. Мысалы, өткен жылы біз осындай заңсыз кәсіпкерлікпен айналысатын 469 жеке тұлғаны анықтап, салық органдарына тіркедік. Жыл басынан бері 43 салық төлеуші анықталып отыр. Мысалы біздің ауданымызда 800 мың теңгеге дейін пәтерін жалға беретін, одан бір тиын да салық төлемей отырған азаматтар анықталды. Бұл азаматтарға біз 1 апта уақыт бердік. Осы уақыт ішінде бұл азаматтар салық органдарына тіркеліп, салықтарын төлеуі қажет.

– Олардың жеке кәсіпкер ретінде тіркелмегенін көбінесе қалай анықтайсыздар? Ұсталған күннің өзінде де, қандай көлемде айыппұлмен құтылып кетеді?

– Пәтерін заңсыз жалға беретін азаматтарды біз бүгінгі күні интернет желісіндегі әлеуметтік желілер арқылы анықтаймыз. Сонымен қатар, жеке пәтерлер кооперативімен жұмыс жасап жатырмыз. Жергілікті полиция органдарымен, көші-қон полициясымен жұмыс жасап жатырмыз. Осы органдардан мәліметтер аламыз. Мәліметтер салық органдарында талданып, әрбір пәтер бойынша нақты шаралар атқарылуда. Салық кодексіне сәйкес, салық органында тіркелмей жұмыс жасаған азаматтар бойынша айыппұл сомасы 38 мың теңгені құрайды. Сонымен қатар, әрбір уақытылы төлемеген салық бойынша өсімақы есептеледі. Сондықтан барлық азаматтарды салықтарын уақытылы төлеуге шақырамын.

– Көлеңкелі экономикамен күрес тек салықтық түсімдерді де міндеттеп қана қоймай, азаматтардың құқықтық жағынан қорғалғанына қаншалықты мүмкіндік береді?

– Егер азаматтар жеке кәсіпкер ретінде тіркелсе, заң тұрғысында мысалы, пәтерді жалға алушылар пәтердегі жиһазды бүлдірсе, коммуналдық төлемдерді төлемесе, пәтерге қандай да бір зақым келтірсе, жеке кәсіпкер сот органдарына жүгіне алады. Яғни, жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жағдайда азаматтар пәтер алушылармен ресми түрде келісімшарттар жасайды. Осы келісімшарттардың баптары орындалмаған жағдайда, атап айтқанда, мүліктер бүлінген жағдайда материалдық шығынды өндіру мақсатында сот органдарына жүгіне алады. Бүгінгі күні салық есебіне тіркелу мейлінше жеңілдетілген. Ол үшін халыққа қызмет көрсету орталығына жеке куәлікпен бару қажет. Бұл қызмет түрі ақысыз. Бір күннің ішінде тіркеу жасалынады. Салық сомасы 1 пайызды құрайды.

– Жауабыңызға рахмет!


Перизат Көмекбайқызы, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров