Озық қоғамның қалыптасуы – үлгілі отбасының көп болуымен байланысты
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева қазақстандықтарды Отбасы күнімен құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Баршаңызды бүгінгі керемет мереке – Отбасы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Елбасымыздың ұсынысымен басталған бұл мейрам бүгінде қоғам болып ұйысып атап өтетін шын мәніндегі жалпыхалықтық мерекеге айналды. Отбасы – мемлекеттің тірегі, қоғамның өзегі. Озық қоғамның қалыптасуы – үлгілі отбасылар көп болуына тікелей байланысты. Биыл 30 жылдық белесін бағындырып отырған Тәуелсіздік жылдары ішінде елімізде отбасы институты жаңа үлгіде жаңарып, өзіндік жолын анықтады деп нық сеніммен айта аламыз. Әр ұлттың мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтап, дамытуға мүмкіндік беріп отырған біздің көп ұлтты, көпконфессиялы қоғамдағы отбасыларға ортақ бірегей құндылық бар. Ол – бірлік пен татулық, төзімділік пен тұрақтылық. Бұның әсіресе ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы пен орны өте зор. Себебі қоғамдық мәдениеттің тамыры – үлгілі отбасылық тәрбиеден басталады, озық отбасылар қатары – ішкі бірлігі мен берекесі мықты қоғамды құрады», – деп жазды А.Балаева Facebook-тегі парақшасында.
Сондай-ақ, ведомство басшысы республикалық «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының маңызына тоқталып өтті.
«Жыл сайын ұйымдастырылатын аталған байқау тұтас қоғамға үлгі болатын өнегелі отбасылар қатарының мол екенін, елдің болашағының зор екенін көрсетеді. Осындай отбасылар – ертеңгі ел басқаратын зиялы азаматты да тәрбиелейді, бәсекеге қабілетті қоғамды да қалыптастырады. Сондықтан Отбасы мерекесі баршаңызға құтты болсын! Дендеріңізге саулық, баянды бақыт пен берекелі татулық тілеймін! Отбасыларыңыз аман болсын!», – деп лебізін білдірді министр.