Ақтөбеде 9 жастағы бала әткеншектен құлап, мерт болды

19.09.2024 12:20

Қазір сот алды тергеу жүріп жатыр

elements.envato.com

Ақтөбе қаласы Есет батыр тұрғын алабында 9 жастағы ер бала әткеншектен құлап көз жұмды. Ол құлаған кезде ашық бас-ми жарақатын алған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, сағат 19:02-де шақырту түседі. Ол кезде денесі құрысып жатыр деп хабарланды. І санаттағы шақыртуға жедел жәрдем бригадасы сағат 19:09-да жеткен.

— Жедел жәрдем бригадасы жеткен кезде бала ес-түсін білмейді. Көршілері жүрегіне массаж жасаған. 103 қызметінің мамандары бірден реанимацияға кірісіп, 30 минут бойы құтқаруға тырысты. Бірақ ол нәтиже бермеді. Сағат 19:41–де ми қызметі тоқтады. Қойылған диагноз: ашық бас-ми жарақаты, бас сүйегінің негізгі бөлігінің, мойын омыртқасының жабық сынуы. Сонымен бірге 103 қызметі жеткенше жүрекке массаж жасалғаны белгілі. Сол кезде қабырғасы зақымданып, өкпеге ауа жетпей қалған, – деп хабарлады Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметі.

Айта кетейік, осы оқиғадан кейін Қылмыстық кодекстің 306 бабы 3 бөлігімен, яғни, «Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету» бабы бойынша іс қозғалды. Қазір сот алды тергеу жүріп жатыр.

Оқи отырыңыз: Павлодар облысында колледж студенті мұғалімді пышақтаған деген күдікке ілінді