Олар шартты түрдегі жазаға кесілген
Қызылордада қалыңдығын алып қашпақ болған жігіт пен оның достарына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Қызылорда қалалық №2 сотының баспасөз қызметі.
Аталған оқиға 2018 жылы шілде айында орын алған.
«Сотталғандардың бірі бұрын кездесіп жүрген бойжеткенді алып қашпақ болып, ауданға келеді. Олар таңертең қыздың жұмысқа жаяу кетіп бара жатқанын көріп оған көлікке отыруын сұрайды, бірақ бойжеткен келіспегендіктен күшпен көлікке отырғызады. Осыдан кейін үшеуі бойжеткенмен бірге өздері тұратын ауданға қарай бет алады. Дегенмен жол бойында жылдамдығын асырған көлік жүргізушісін жергілікті полиция қызметкерлері тоқтатады. Сол сәтте жәбірленуші полиция қызметкерлерінен көмек сұрайды. Бойжеткенді еркінен тыс алып қашқан үш жігіт аудандық полиция бөліміне жеткізілген», - делінген хабарламада.
Аталған қылмыстық іс Қызылорданың №2 сотында қаралды. Жігіттер ҚР ҚК 125 бабының 2 (адам ұрлау) бөлігіне сәйкес жауапқа тартылды. Үшеуіне де аталған бапқа сәйкес 7 жылға шартты түрде бас бостандықтарынан айыру жазасына кесілді.