Президент Жолдауы: Жыл соңына дейін 13 жаңа жұқпалы аурулар ауруханасы салынады

akorda.kz
akorda.kz
Ал 2025 жылға қарай денсаулық сақтау саласына арналған 20 заманауи көпсалалы нысан пайдалануға беріледі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда барлық елдімекендерде фельдшерлік-акушерлік пункт ашылады. Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында осындай тапсырма берді. Мемлекет басшысы медициналық көмекті ұйымдастыру тәсілдерін қайта қарауы қажеттігін, әсіресе ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы керектігін баса айтты. Сонымен қатар, жыл соңына дейін елімізде 13 жаңа жұқпалы аурулар ауруханасы салынатынын мәлімдеді. Ал, 2025 жылға қарай денсаулық сақтау саласына арналған 20 заманауи көпсалалы нысан пайдалануға беріледі. Бұл мақсатқа 1 жарым трлн теңгеге жуық инвестиция тартылады» деп атап өтті мемлекет басшысы. Өзге салаларда қандай өзекті мәселелер жақын арада түйінін тарқатады? Almaty.tv тілшісі Толығырақ Асылбек Тойбек айтып берсін.

Жолдауды халық асыға күтеді. Өйткені елдің дамуына жол ашады. Азаматтардың көкейіндегі көп түйіткілдер түйіні шешіледі. Қасым-Жомарт Тоқаевтің бүгін жарияланған екінші Жолдауында ауыл шарушалығы саласындағы қордаланған проблемалар қаузалды. Басы бірікпеген жеке қосалқы шаруашылықтардың қазіргі жағдайы мәз еместігі айтылды. Бұл ретте сапалы әрі мол өнім өндіру, үздіксіз тауар жеткізу туралы сөз қозғаудың өзі орынсыз, деді Президент.

«Кооперация кезінде жер және басқа да мүлікке қатысты барлық құқықтар сақталады. Кооперация шаруашылықтарға шикізат сатып алу, өнім өндіру және оны сату барысында күш жұмылдыруға мүмкіндік береді, Ауыл еңбеккерлерінің ауыр жұмысы тым арзан бағаланады. Бұл жасырын емес. Табыстың басым бөлігіне алыпсатарлар кенеліп жатады. Сондықтан субсидия және салық жеңілдіктерін беру бағдарламалары аясында ауылдық жердердегі кооперацияны ынталандыру үшін тиісті шаралар топтамасын әзірлеу қажет», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің Үкіметке ауыл шаруашылығы жерлерін толыққанды экономикалық айналымға енгізудің өзге әдіс-тәсілдерін әзірлеу бойынша берген тапсырмасы көңілден шыққанын айтады мамандар. Аграөнеркәсіптегі инвестиция тарту, кәсіби мамандардың тапшылығы, аграрлық ғылымның дамымай отырғандығы көптен шешімін күткен проблема еді дейді Парламент Сенатының депутаты Ақылбек Күрішбаев.

«Маған ұнаған жері – кооператив құрылып, қосалқы шаруашылықтарды дамыту керек. Қосалқы шаруашылықта елдімекеннің жағдайында бізде 70 пайыз мал сонда тұр. Бірақ, өкінішке қарай, бізде 188 млн.гектар жер бар. Жайылым жер бар. Қазақстан 5-орында жайылым бойынша. Сол малды қамтамасыз ете алмай отырмыз. Бұл шынында да ыңғайсыз нәрсе. Егер де сол малды жинап, коопреция құрып, жайылымдар мен шабындық жерлер беретін болса, біздің малдың, еттің, сүттің көлемі 30 пайызға өседі», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақылбек Күрішбаев.

Жолдауда қоршаған ортаны қорғау мәселесі көтерілгені өте орынды болды дейді Мәжіліс депутаты Серік Сейдуманов. Әсіресе декарбонизацияға негіз қалау керек деген тапсырмасы уақыттың талабы екенін айтады.

«Президент айтқан, декорбанизация дегеніміз – қоршаған ортаға газ шығаруды төмендету. Оның 4 жолы бар. Бүгінгі таңда Еуро Одақ экономикасының 16 пайызы «жасыл экономикаға» көшкен. Осыған байланысты бізде Экологиялық Кодекс қабылданып жатыр. Онда әлемдік экономиканың барлық даму тенденциясы ескеріледі», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Серік Сейдуманов.

Президент өз Жолдауында медицина саласына қатысты бірқатар мәселелерді жіпке тізді. Оның ішінде отандық фармацевтика саласын дамыту қажеттігі тілге тиек етілді. Барлық дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар Қазақстанда өндірілуі тиіс, деді. Бұдан бөлек, Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасын іске қосуды тапсырды. «Эко» бағдарламасымен квотаны 7 мыңға дейін, яғни, 7 есе көбейту көзделуде.

«Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша осындай бағдарламаны ашып, осы бағдарлама аясында бедеулікпен ауыратын біздің адамдарымыздың емделуіне үлкен көмек көрсетіледі. Қазіргі бөлініп отырғанға қарағанда 7 есе көбейетін. Себебі біздің қазіргі жастардың ішіндегі отбасының ажырасуына үлкен себеп болып отырғандардың бір себебі –  сол бедеулік. Мысалға 20 пайыз ажырасатын адамдардың ең бірінші қоятын мәселесі осы болып отыр», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Зәуреш Аманжолова.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аппаратты 25 пайызға қысқартуды жылдамдатуды тапсырды. Биыл 10 пайызға, ал келесі жылы тағы 15 пайызға қысқарады. Осылайша, шенеуніктердің саны 2021 жылы 25 пайызға азаяды. Бұдан бөлек, мемлекет басшысы халыққа Жолдауында мемлекеттік қызметшілердің, депутаттардың, судьялардың шетел банктерінде есеп-шоттарының болуына, қолма-қол ақша және бағалы заттар сақтауына шектеу салынатынын мәлімдеді.  Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, судьялардың, пара берушілердің және парақорлыққа делдал болғандардың сыбайлас жемқорлығы үшін жазаны қатайту тұрғысынан қылмыстық кодекске өзгерістер енгізілмек. Мемлекеттік қызметші мен квазимемлекеттік мекеме басшысының қосазаматтығы анықталған жағдайда, қызметінен босатылады. Жемқорлық үшін сотталғандардың шартты түрде мерзімінен босау шарасы қолданылмайды.

Президент министрліктердегі жауапты хатшы институтын тарату туралы бұйрық берді. Олардың міндеттері мемлекеттік аппарат жетекшілеріне жүктеледі. Елде стратегиялық жоспарлау, реформалар жөніндегі және жаңадан бәсекені қорғау жөніндегі агенттіктер құрылатын болды. Сонымен қатар, төтенше жағдайлар министрлігі қайта құрылады. Ал, ауыл әкімдерін сайлау жүйесін толығымен зерделеп шығуды тапсырды Қасым-Жомарт Тоқаев.

ГРАФИКА

Мемлекеттік аппарат қысқарады:

2020 жылы - 10 %;

2021 жылы - 15 %;

Новости партнеров