Қазақстанға Ресейден жолбарыс күшіктерін заңсыз әкелмек болған

08.07.2023 17:24

Қызметкерлер Астрахан облысындағы «Қараөзек» өткізу бекетінде жолаушылар көлігін тексеру кезінде байқап қалған

t.me/customs_rf

Ресей кеденшілері үш айлық жолбарыс пен арыстан күшіктерін Қазақстанға заңсыз әкетуге жол бермеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Аң күшіктерін Астрахан облысындағы «Қараөзек» өткізу бекетінде жолаушылар көлігін тексеру кезінде байқап қалған. 60 жастағы көлік жүргізушісі оларды көліктің артқы орындығындағы пластик тасымалдағышпен алып шықпақ болыпты.

Оның рұқсат құжаттары болмаған. Күшіктерді Шешенстан Республикасынан сатып алып, қазақстандық жеке хайуанаттар бағына сатуды жоспарлаған.

«Жануарлар тәркіленіп, қолайлы жерде уақытша ұстауға беріледі. Контрабанда фактісі бойынша қылмыстық іс қозғау мәселесі шешіліп жатыр», - деп хабарлады РФ Федералды кеден қызметі.