2020 жылдан бастап Қазақстанның барлық өңірінде жастарға жалдамалы пәтер салынбақ

2020 жылдан бастап Қазақстанның барлық өңірінде жастарға жалдамалы пәтер салынбақ
"Жастар жылы" аясында мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын жүйелендіру мақсатында Үкімет Жол картасын қабылдады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда жастар арасындағы ең өзекті мәселе - жұмыссыздық пен баспана. Бүгінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарға жалдамалы пәтер беру жобасы жүзеге асырылуда. Алайда баспаналы болуы үшін аталған қалаларға жаппай көшудің қажеті жоқ, - дейді ақпарат және қоғамдық даму ведомствосының басшысы. Себебі бағдарлама аясында 2022 жылдан бастап басқа да өңірлерде арнайы тұрғын үйлер бой көтермек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

"Жастар жылы" аясында мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын жүйелендіру мақсатында Үкімет Жол картасын қабылдады.  Ол үшін 292 млрд. теңге бөлінген. Әсіресе жұмыссыздықпен күресуге басымдық берілуде. Дегенмен, туындап отырған мәселелер жоқ емес. Мәселен, қазынадан 8 млрд.теңге бөлінсе де «Жас маман» бағдарламасы әлі толық іске аспаған.

«Бізде жұмыссыздық мәселесі тұрған да жоқ шығар. Бізге мамандар қажеттілігі туындап тұр. Мысалы, өнеркәсіптер сырлаушы іздейді. Бірақ сырлаушы болу үшін сертификат болуы керек. Өйткені оның тәсілі бар, кез келген адам оны бояй бермейді ғой. Сондықтан адамдар келіп. Сол мамандықты алуға тырысу керек», - деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен АБАЕВ.

Ауылды жерлерде маман тапшылығы да шешімін таппаған мәселе. «Дипломмен-ауылға» бағдарламасы бойынша мұғалім, дәрігерлер жіберіліп жатқанмен, енді әкімдіктер мемлекеттік қызметкерлерге зәру болып отыр. Осы ретте бағдарлама бойынша мамандарды жіберу ұсынысы қарастырылып жатқан көрінеді. Алайда бюджеттен қаржы бөлу мәселесін барлық облыстар ішінде СҚО ғана шешпеген. Мәжіліс депутаттарының «қашан шешесіздер» деген сұрағына облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев жауап бере алмай қиналды.

Қазақстанда еш жерде жұмыс істемейтін, оқымайтын, біліктілігін арттырғысы келмейтін 250 мыңнан астам жас тіркелген. Бұл статистикада Қарағанды, Түркістан, Солтүстік Қазақстан облыстарының үлесі басым.

«Шынымен де статистикалық мәліметтерге жүгінсек, Біздің Қарағанды өңіріндегі НИД санатындағы жастар санының үлесі 12,7 пайызды құрап тұр. Бұның себептерін іздеп көрдік. Себебін табу оңай емес, бірақ біз енді өңірдің ерекшелігіне келе ме деп отырмыз. Себебі біздің өңір жақсы білесіздер, республикадағы ең жоғары урбанизацияланған өңір. Жалпы халықтың 79, 3 пайызы қалалық жерлерде тұратын болса, жастардың үлесі қалада тұратын 76,2 пайыз», - деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал НҮКЕНОВ.

Жастар арасындағы тағы бір басты мәселе – баспананың қолжетімсіздігі. 2019 жылы Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарға 3 000 пәтер 5 жыл мерзімге жалға берілетіні белгілі. Алайда бағдарлама қанат қаққанымен өтініш берушілер саны көңіл көншітпейді. Алматы қаласы бойынша небары 200 өтініш түскен. Мәжіліс депутаттары мұның себебін талаптың жоғары болуымен байланыстырып отыр.

Новости партнеров