Еліміздегі ең жас батыр ана Жазира Тұрғынованың отбасы баспаналы болды. Бүгін Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жеті балалы жанұяға тұрғын үйдің кілтін табыстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бейсен Тәжібаев осындай жаңалықты әлеуметтік парақшасына жария етті.
«Күні кеше ғана елордада - Елбасының алдында ақтарыла сөйлеп, ел разылығына бөленген батыр ананың өмірі жақсылыққа күрт өзгерді деген осы шығар. Ал Астанадан - Шымкентке пойызбен шыққан Жазира, сол сәттен бастап атының шартарапты шарлап кетерін де білген жоқ. Бейсенбінің түсінде теміржол вокзалында анталай күткен тілшілерден тіксініп, тосырқап жүргені де содан. Ал бүгін, қасиетті жұмада киелі Түркістанда облыс басшысы Жансейіт Түймебаевтың қолынан баспананың кілтін алған батыр ана, өң мен түстің ортасында ғажайып күй кешіп тұр», - деп жазды ол.
Басқарма басшысының мәліметіне сай, төрт бөлмелі пәтер Ленгер қаласынан берілген. Ал отағасы Олжас Әбілдабеков арнайы оқыту курстан өткізіліп, жұмысқа орналасады.
«Айналдырған үш күнде Жазира Тұрғыноваға тағдырдың керемет сыйы тартылғаны анық. Жеті баланың несібесін, адал жүректі ананың тілеуін Тәңірі берді», - деп жазылған сөз соңында.
Отбасы мүшелері бүгін түс ауа өз үйлеріне қоныстанады деп күтілуде.
Айта кетейік, бұған дейін біздің тілшіміз еліміздегі ең жас көпбалалы ана Жазира Тұрғынова Шымкенттің іргесіндегі Жұлдыз елдімекенінде пәтер жалдап тұрып жатқаны туралы жазған болатынбыз. Ерлі-зайыптылар жеті балалы болуына қарамастан, тұрақты жұмыстары жоқ екені де жеткізілген. Артынша Жазира Тұрғынова Жастар жылына орай Елбасымен кездесіп, өзі сияқты жастарды көпбалалы болудан қорықпауға шақырды.