Алматының қарт тұрғыны Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында 100-ге толды

10.03.2020 17:25

Бүгінде әжей 60 немере, 100 шөбере мен шөпшек сүйіп отыр

Almaty.tv

«Қарты бар үйдің – қазынасы бар». Алматы облысында 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Күншайым Уәлиқызы 100-ге толды. Ғасыр жасаған ақжаулықты ананың үрім-бұтағы жиналып, туған күнімен құттықтады. Өткен ғасырдың 20-шы жылдары дүниеге келген ардақты әже бүгінде Шелек ауылында тұрып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

24 жасында тұрмыс құрған Күншайым Уәлиқызы екі-үш жыл өтпей жатып, жесір қалған. Тағдырдың тауқыметіне мойымай, күйеуі соғыстан оралмаған абысыны екеуі балаларын бір шаңырақтың астында бағып-қағады. Бүгінде сол ұрпақтарынан 60 немере, 100 шөбере мен шөпшек сүйіп отыр.

«100 жасында апамыз балаларының ортасында өмір сүріп жатыр. Жаман емес. Өздеріңіз білесіздер, жесір адам, жетім бала деген оңай дүние емес. Соның бәрін бұл кісілер екеулеп жеңе білді. Міне 50 жылдан астам менің қолымда тұрады. Немере шөберелерінің арасында, құда-жекжаттарының арасында ауқатты, жақсы өмір сүріп жатқан жағдайы бар», – деді Күншайым Уәлиқызының ұлы Серік СЫПАТАЕВ.

Кейуана бір ғасырлық ғұмырында талай қиын кезеңді бастан кешірген. Ол - ұжымдастыру кезеңінің, ашаршылық пен соғыстың куәгері. Бүгінде өзінен тараған немере-шөберелерінің ортасында әдемі қартаю үлгісін көрсетіп отырған әжей елдің бірлігін, ұрпақтардың амандығын тілейді. Ғасыр жасаған Күншайым Уәлиқызы айтары да аз емес.

«Күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей бейнетпен өстік. Енді Құдай осы балалар қашан ер жетеді, біздің көзіміздің жасы қашан тиылады деп жүргенде баламыз туып, жақсы заманға кез болдық. Немере көрдім, шөбере көрдім. Енді шөпшегімді көріп жатырмын. Құдайға тәуба. Осы заманды көрсеткеніне. Жақсы заманның кемпірімін ғой деп ойлаймын», – деді Күншайым УӘЛИҚЫЗЫ.

Күншайым әжейдің бар тілегі – кейінгі жастардың, ел-жұрттың амандығы. Барлығыңа менің жасымды берсін дейді. Бүгінгі таңда ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ол  – немере-шөберелерін қызығы мен қуанышын көріп отырған бақытты жан. Ер жеткен шөпшегінің алды үйленіп келін түсірсе, немене сүюдің де ауылы алыс емес.

Қуан Нұрақын, Қобылан Әлдибеков, «Алматы» телеарнасы