Алматы маңындағы блок-бекет сарбаздарына тұрғындар ыстық тамақ тасып жатыр

10.01.2022 17:26

Шаһардан шыққан немесе қалаға кіруге бет алған көліктер мен адамдарды мамандар жіті бақылап, тексеріс жүргізіп жатыр

Almaty.tv

Қала қауіпсіздігін қамтасыз етуге құрылған блок-бекеттегі қарулы күштердің қамын қарапайым халық қарастырып жатыр. Алатау ауданы Томирис пен Боралдай елдімекенінің халқы суықта сап түзеп, ел тыныштығын қорып жүрген сарбаздарға ыстық тағамын, шәй-суын жеткізіп, жандарынан табылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Бір түйір нанын бөлісіп, бір жұтым суын берісіп, блок-бекеттерге барынша болысып жатқан жұртшылықтың жан тебірентер ісіне сүйсініп қайттық. Қара қазанын қампайтып, ала дастарханын ала келген ауыл тұрғындары бір жағадан бас шығарып, сапта тұрған сарбаздарға сенім ұялата кетті.

Қала жұртшылығына қалқан болған қарулы күштердің қамын қарапайым халық қарастырып жатыр. Бірі үйінен тамағын, бірі үйінен табағын тасып, шама-шарқынша қолдау білдіріп жатыр.

Ауыл азаматтары асарлатып ас беріп, жауынгерлерді жылытып, қазан-ошағын қайнатқан қарапайым ел Мемлекет басшысының үндеуіне осылайша үн қоса келдік деп отыр.

«Біз, Алатау ауданы Томирис шағынауданының тұрғындары, міне, аяғымыздан тік тұрып қызмет етіп, террористердің қалаға кірмеуін қадағалайтын сарбаздарға арнап палау пісіріп әкелдік. Біз еліміздің әскерімен біргеміз», – деді Алатау ауданының тұрғыны Бекен Қалымбекұлы.

«Әскерлерге, біздің тыныштығымызды қорғап жатқандарға тамақ пісірдік. Біз Президент Қасым Жомарт Тоқаевпен біргеміз!», – деді Алатау ауданы «Томирис» шағынауданының тұрғыны Гүлнәр Тұрғанбекқызы.

Томиристік тұрғындар шепте тұрғандарға тамағын беріп болысып жатса, Боралдай жұрты бір үйін блок-бекеттегі жауынгерлерге босатып беріпті.

«Аналарымыз жыламасын, балаларымыздың болашағы тыныш болсын. Еліміз өркендесін. Бір Алладан үміт күтеміз. Бұларда түнімен ұйықтамай, жанымыз ашиды, суықта күні-түні ұйқысын бөліп, қорғап жатыр. Алла күш-қуат берсін», – деді Боралдай ауылының тұрғыны Жәмилә Саламатова.

Қаланы қиратып, қапыдағы жұрттың жағасына жармасқан жендеттерді жою үшін жұртшылық қолынан келгенше қарасып бағуда. Сондықтан қала аумағындағы тексеріс талаптарын да бұлжытпай тыңдап, түсіне қарайтынын жеткізді.

Шаһардан шыққан немесе қалаға кіруге бет алған көліктер мен адамдарды мамандар жіті бақылап, тексеріс жүргізіп жатыр. Дәл осындай қарумен қамданған қуатты қорғау қызметкерлері қала бойынша ондаған жерде орналасқан.

«Қолдаймын. Оның барлығы дұрыс. Тексерсін. Түнгі рейдттерді көбейтсе екен деймін. Қазір көліктің нөмірін, дөңгелегін шешіп кетпесе екен, бензин ұрламаса екен деп қорқамыз», – дейді қала тұрғыны Руслан Адамтаев.

Үй ішінен үй тігіп, шаңырақты шайқалтуға шақ қалғандарға қарсы қалада қазір нақты қадамдар жасалып жатыр. Сол себепті арнайы жасақ әлі де арнайы операциялар орындалып жатқанын хабарлап отыр. Жағдайды бақылауға алдық деген жауынгерлер әлі де жұртты сақ болуға шақырып отыр. Ал бірлігіміз бір туға біріксін деген дүйім ел өзге де отандастарымыз блок-бекеттерге қолдау білдірсе деп ишарат білдірді.

Әлібек Шынтемір, Нұрбол Әбдікерімов, «Алматы» телеарнасы