Елде нан бағасы қымбаттады

11.10.2022 17:26

Мұның себебін ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев түсіндірді

Ашық дереккөзден

Елімізде нан бағасы қымбаттады. Мұның себебін ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев түсіндірді, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Нанға қатысты ахуал мынадай. 4 қазанда нан 11,9 пайызға қымдаттады. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Азық-түлік келісімшарт корпорациясы қаңтардан қыркүйекке дейн арзандатылған астық, тоннасын 90 мың теңгеден жеткізді. Қазаннан бастап жылдың соңына дейін өңірлер жаңа астықты өздері сатып алып жатыр. Биыл астық бағасы жылдың ортасындағы бағамен салыстырғанда біршама төмендеді», - деді Ербол Қарашөкеев Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Министрдің айтуынша, нан бағасының қымбаттауына бірнеше себеп болуы мүмкін.

«Электр энергиясы, коммуналдық қызметтер қымбаттап жатыр. Сондықтан да жалпы бағасы өсімі бар. Оны байқап отырмыз. Қаңтардан бастап бағаны тұрақтандыру үшін барлық іс-шараны қабылдаймыз. Жалпы, бағаның күрт көтерілуіне негіз жоқ. Өйткені, ұн өткен жылмен салыстырғанда молынан өндіріліп жатыр. Бидай орташажылдық түсімен жоғары екендігі анық. Тұрақтандыру қорына биыл миллион тонна астық жинауды жоспарлап отырмыз. Оның 900 мың тоннасы бидай болады», - деді ол.

Сонымен қатар министр әлеуметтік азық-түліктің барлығының, оның ішінде әлеуметтік ұнның бағасы бақылауда болатындығын баса айтты.