Министр елдегі ажырасу жағдайының өсуіне алаңдаушылық білдірді

29.06.2020 17:26

Елдегі өзекті мәселелердің бірі – ажырасу жағдайының артуы

akket.com

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева халыққа есеп беру кезінде жастардың ажырасу жағдайы артып бара жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Мемлекет басшысының Жолдауының басты басымдықтарының бірі – отбасы және балаларды қолдау шаралары. Қазіргі таңда өкінішке қарай, қоғам өзгерісімен бірге отбасының құндылықтары да өзгеріп бара жатқанын айта кету керек. Елдегі өзекті мәселелердің бірі – ажырасу жағдайының артуы. 2017 жылы ажырасудың 55 мың жағдайы (тіркелген некелердің 39 пайызы) тіркелсе, 2019 жылы бұл көрсеткіш 60 мыңға (43 пайызы) жеткен. Сонымен бірге мұндай белсенді статистикаға АӘК айналасындағы жағдай себеп болғанын жеткізгім келеді», – деді министр. Оның айтуына қарағанда, материалдық көмек алу үшін «өтірік ажырасу» да белең алған.

Министрдің айтуынша қазіргі таңда қоғамда болып жатқан кез келген өзгеріс отбасына жағымсыз сипатта әсет етуі мүмкін. Сол себепті мемлекеттің әлеуметтік міндеттерінің маңызды бір бөлігі – отбасы, ана мен баланы қорғау болып отыр.

«Негізгі амал-әдістер 2030 жылға дейінгі отбасы мен гендердік саясат тұжырымдамасында көрсетілген. Биыл осы Тұжырымдаманың екінші кезеңін жүзеге асыру жұмыстары басталды. Ол отбасы институтын жетілдіріп, репродуктивті денсаулықты нығайтып, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған», –  деді Аида Балаева.