Конституциядағы өзгерістер, саяси реформалар: Жолдауда қандай маңызды мәселелер айтылды

kazlenta.kz
kazlenta.kz
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде Конституциялық сот, Ұлттық құрылтай құру ұсынылды. Мемлекет басшысы ашық қоғам қалыптастырып, адам құқығына осылай ерекше мән бермекші. Бұдан бөлек, Президент өз жолдауында жаңадан Семей, Ұлытау және Жетісу облысын құру бастамасын көтерді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

Құқық қорғау институттарын күшейтуге мән берген Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтар қазіргі бар Конституциялық кеңеске жүгіне алмайтынын атап өтті. Сондықтан президент Конституциялық сот құруды ұсынды. Бұл сотқа енді кез келген ел азаматы өзінің салауын жолдай алады. Бұдан өзге, адамды азаптауға қатысты қылмыстарды тергеуге жүйелі қадамдар қажет деді. Бұл бағыттағы арнайы жұмыстармен енді бас прокуратура айналысады. Ал бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілетті әрі еркін болуы маңызды. Сондықтан БАҚ туралы заң қайта қаралатын болады. Сондай-ақ мемлекет басшысы «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» дей келе, дала демократиясы дәстүрін жаңғыртуды, яки Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнына Ұлттық құрылтай құруды ұсынды.

«Жаңа құрылым Ұлттық кеңестің қызметін жалпыхалықтық деңгейде жалғастырады. Құрылтай қоғамдық тәртіптің біртұтас институционалдық деңгейін қалыптастыруға тиіс. Сөйтіп билік пен халықтың арасындағы дәнекерге айналады. Қазіргі қоғамдық кеңестің бәрін өз айналасына топтастырады. Оның құрамында барлық аймақтың өкілдері болады», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекетіміздің өркендеуі аймақтарымыздың қуатты болуына тікелей байланысты. Сондықтан азаматтардан келіп түскен көптеген ұсыныс ескеріліп Президент бірқатар өңірлерді қайта құру, бөлу және атауға ұсыныс жасады. Осы ретте жаңадан Абай облысын құрып, оның орталығын Семей қаласы етіп белгілеу ұсынылды. Бұл – аймақтың әбден тозған ішкі инфрақұрылымын реттеуге жол ашпақ. Елді тағы бір елең еткізген жаңалық – Ұлытау облысын құру болды. Жаңа өңірдің орталығы Жезқазған қаласы болады. Сонымен қатар Алматы облысын екіге бөліп, бірін Жетісу, енді бірін Алматы облысы етіп құру керек екені айтылды. Өйткені Ұзынағаш немесе Талғардағы ағайынның мәселесі сонау Талдықорғанға жете бермейді. Егер шешім шықса, онда Алматы облысының орталығы Қапшағай қаласы болмақ. Осы ретте мемлекет басшысы Қапшағай қаласына Дінмұхамед Қонаевтың атын беру туралы елдің ұсынысын қолдайтынын жеткізді. 

«Жалпы жаңа облыстардың құрылуы көптің көкейінде жүрген мәселе. Кезінде облыс мәртебесінен айырылған өңірлерде тұрғындар саны азайып, тұрмыс сапасы төмендеп кеткені жасырын емес. Осы олқылықтың орнын толтыратын кез келді. Әкімшілік аумақтық өзгерістер мемлекеттің басқару үдерісін жеңілдетеді. Жұрттың облыс орталығына барыс-келісін оңайлатады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев элемдік нарықта тұрақсыздық өршіп жатқанын, бірақ оған бола байбалам салмау керек екенін алға тартты. Дағдарысты еңсеру үшін ұлттық валютаның тұрақтылығын қамтамасыз етуге мән берді. Енді елдегі валютаны шетелге шығаруға шектеу қойылады. Мұндай жарлыққа Президент қол қойған.  Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шаруалар қажетті жанар-жағар майды қолайлы бағамен алуы керек. Техникалық дайындық күшейіп, жем-шөптің жетіспеуіне жол берілмеу керек.

«Алдағы міндет – экономикамыздың бағытын өзге арнаға бұру, яғни ендігі кезекте экспортқа мән беруіміз керек. Отандық азық-түлік, азық-түлік емес өнімдердің өндірісін арттыру маңызды. Бұл экспорттан түсетін пайданы молайтады. Экономикамызға шетелдік факторлар әсер етпейтін болады», - деді экономика ғылымдарының докторы Ербол Сығаев.

Бұдан басқа, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінде аудандағы не ауылдағы азаматтарға қолдарынан келетін өкілеттіліктерді беру ұсынылды. Бұл ретте мәслихаттардың құзіретін нақты белгілеу маңызды. Өңірлерді қаржыландыру жүйесі қайта қаралады. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің нығая түсуі өңірлерді дамытуға, масылдық көңіл-күйді төмендетуге жол ашпақ.

Түйіндей келе, мемлекет басшысы осы айтылған бастамаларды жүзеге асыру үшін Конституцияның 30-дан астам бабына өзгеріс енгізіп, жыл соңына дейін тағы 20-дан астам заң қабылдау керек екенін айтты. Әрине, мұндай заң жобасын әзірлеу ұзақ уақыт алары анық. Әйткенмен, бұл реформалар Жаңа Қазақстанның болашақ бейнесін қалыптастырады. Шешімдер бұқараның қатысуымен ашық қабылданады.

Назкен Еркін, «Алматы» телеарнасы, ҚР Президенті аппараты телерадиокешенінің көмегімен

Новости партнеров