Алматыда Денсаулық басқармасының экс-басшысының ісі басқа сотқа жолданды

18.02.2019 17:29

Сотталушы өзінің қорғаушыларының өтінішін қолдайтынын жеткізді

Алматыда №2 Медеу аудандық сотында қалалық Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Серікбол Мусиновтің ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айыпталушының қорғаушысы істі Бостандық аудандық сотына жіберуді сұрады. «Қылмыстық іс қылмыс орын алды деген жерде қаралуы тиіс. Егер құқықбұзушылық бірінші сотқа тиесілі аймақта басталып, екінші сотқа тиесілі аймақта аяқталса, іс аяқталған территорияға қарайтын сотта қаралуы тиіс. Қалалық прокуратура қылмыс басталған жерді нақты көрсетіп тұр - қалалық прокуратураның ғимараты. Аяқталған жері  - прокуратура ғимаратынан тыс, осы жерде 5 мың доллар көлемінде пара берілген», - деді адвокат.

Сотталушы өзінің қорғаушыларының өтінішін қолдайтынын жеткізді. Ал, мемлекеттік айыптаушы аталған өтінішті қабылдамай, істі  қарауды Медеу аудандық сотына қалдыруды сұрады. Судья қылмыстық істі №2 Бостандық ауданына бағытау туралы шешім шығарды.

«Прокуратура Бостандық ауданы территориясында орналасқан. Уағдаласқан 25 мың доллардың қалған сомасы 5 мың АҚШ доллары прокуратура ғимаратының жанында берілген», - деді судья Тұрсынхан Салықов.