Елімізде соңғы аптада болған бірнеше заңсыз митингтерден кейін зиялы қауым өкілдері халықты бірлікке шақыруда. Айтыскер-ақын Талант Арғынғали халықпен бірге және өзінің өнердегі әріптестеріне үндеу жолдады.
Оның айтуынша, еліміздің әрбір азаматы, әсіресе ел алдында жүрген зиялылар әрбір ісін байыппен істеп, әр сөзінде халықты жақсылыққа үндеуі тиіс.
«Әрбір адамзат баласы үшін Отан қандай қымбат болса, ол Отанның тәуелсіздігі дәл солай қымбат. Ал, тәуелсіз елдің тыныштығы – үлкен бақыт. Сондықтан, кей жағдайларда ел ішінде орын алатын оқиғаларға әрдайым шынайы көзқараспен, оң көзқараспен, ақыл тоқтатып қараған дұрыс деп ойлаймын. Ұлы Абай атамыз «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген. Сондықтан, өзімнің замандастарымды және осы өнер саласындағы ардақты бауырларымды әрбір оқиға кезінде, әрбір істің басында абай болуға, әрбір пікір айтардың алдында елді бірлікке, жақсылыққа ғана шақыруға тырысайық дегім келеді. «Береке түбі – бірлік» деген ата-бабамыз. Сондықтан, қай кезде де алатын қамалымызды тек бірлікпен, ымырамен бірігіп қана ала алатынымызды айтқым келеді», - дейді ақын өз үндеуінде.
Еске салайық, 9-10 маусым күндері Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында жүздеген адам заңсыз митинг өткізгені үшін ұсталған болатын.