Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдер мен балалардың құқығын қорғау шарасын заңмен күшейтуді тапсырды

19.04.2023 17:31

Мемлекет басшысының айтуынша, еркін жүріп-тұратын қауіпсіз қоғам құруымыз қажет

miro.medium.com

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент балаларға қатысты қылмыстың көбейіп кеткенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

«Тағы бір назар аударатын мәселе – жас ұрпақтың қауіпсіздігі. Балаларға қатысты жантүршігерлік қылмыс жиілеп кетті. Мұндай оқиғалар мектепте, көшеде, тіпті, үйде болып жатыр. Сорақы жағдай оқушылардың өзіне қол жұмсауына себепкер болып отыр. Тіпті ата-аналардың өзі баласына қорлық көрсетіп, оның арты қайғылы жағдайға ұласып жатады. Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысы әлсіз. Жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдарының қызметі ойдағыдай нәтиже берген жоқ. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саясатын қайта қарауымыз керек», – деді Мемлекет басшысы.

Ол, әйелдер мен балалардың құқығын қорғау шараларын заңмен күшейту керектігінде айтты.

«Отбасы құндылықтарын дәріптеу ісіне ерекше көңіл бөлген жөн. Тағы да ескертемін, біз қоғамдағы, көшедегі, тіпті әр үйдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етпесек, дамыған елдердің қатарына қосылуымыз қиын болады. Азаматтарымыз еркін жүріп-тұратын қауіпсіз қоғам құруымыз қажет», – деді Президент.