Алматыда үй тонаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

18.10.2019 22:12

Топтың ең үлкені - 34 жаста, ең кішісі - 29 жаста

inform.kz

Алматыда үй тонау қылмысының беті ашылды. Тәртіп сақшылары бір топ пәтер ұрыларын ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Полицейлер Алматының «Дорожник» ықшамауданында қылмыстық топты әшкерелеу үшін арнайы операция өткізді. Олар пәтерді тонап, шығып келе жатқан бес адамды ұстады.

«Ұрылар қылмыс үстінде ұсталды, яғни кезекті пәтер тонау кезінде. Сондай-ақ, олардың бірнеше сағат бұрын Түрксіб ауданында орналасқан екі жеке үйді тонағаны белгілі болды. Күдіктілер ақша, құндыз тон мен зерігерлік бұйымдарды ұрлаумен айналысқан. Ұстау кезінде олардан жоғарыда аталған заттар тәркіленді. Күдіктілер қылмыстық жолмен тапқан олжасын «Volkswagen» көлігіне салып отырған», - дейді Алматы қалалық Криминалдық полиция басқармасының бастығы Жанболат Зиадин.

Күдіктілер - Алматы облысының тұрғындары. Топтың ең үлкені - 34 жаста, ең кішісі - 29 жаста. Бес адамның төртеуі қарақшылық, тонау, біреудің мүлкін ұрлау және төбелес кезінде өлімге әкеліп соқтырғаны үшін бұрын сотталған.

«Олардың бәрі бұрын істі болған азаматтар. Сонымен қатар, олар жерлес болып шықты. Олардың мегаполисте қанша уақыттан бері жүргенін және осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын жақын арада анықтаймыз», - деді Жанболат Зиадин.