«Балаларды өлтіруді доғарыңдар»: Асхат Садырбай Білім министрлігін сынға алды

17.05.2019 17:33

Белгілі журналист Асхат Садырбай өзінің Instagram-парақшасында Білім және ғылым министрлігіне «Балаларды өлтіруді доғарыңдар!» деп үндеу тастады.  Оның бұл жазбасына кейінгі кездері елімізде балабақшаларда орын алып жатқан жағдайлар себеп болған.  

«Қазақстандағы балабақшалардың барлығын жаппай тексерістен өткізу керек! Балалар мен жасөспірімдер баратын үйірмелерге де тек лицензиясы бар мекемелерге ғана рұқсат беру керек! Бүгін дәл осы екі мәселенің төңірегіндегі екі жәйт жүректі қақ айырды. Біреуі жаттығуда жүріп ажал құшса, біреуі балабақшада жүріп екінші қабаттан құлады... Біреуі көз жұмды, біреуі комада. Адамдар айуаннан да бетер боп бара жатыр. Ақша құнығып не көрінді?! Құдайдан қорықсаңдар ет-ті! Арзан қызметкер: тәрбиесіз тәрбиеші, псиxикасы ауытқыған тәрбиеші, тасжүрек тәрбиеші», - деген ол тәрбиешілерде адамдық, аналық сезім жоқ екенін алға тартты.

Журналист ата-аналардың тәрбиешілері дұрыс, сенімді балабақша іздейтінін айта келе, тиісті мемлекеттік органдардың бұл мәселеге немқұрайлы қарайтынына шүйліккен.

«Барлық ата-ананың уайымы сол. Айына 100-150 мың теңгелік жекеменшік балабақшаларға жұрттың бәрінің жағдайы жетпейді! Арзандарының түрі анау. Мен бұл мәселені бірінші рет айтып отырған жоқпын. Бірақ біздің білім министрі, отбасы мен балалардың мәселесімен айналысатын департаменттер қимылдайын демейді. Сіздер неге бұл мәселені қолға алмайсыздар? Ол балалардың орнында өздеріңіздің балаларыңыз немесе немерелеріңіздің болмасына кім кепіл?! Хош, жазған посттарым жететін жерге жетпесе де, егер мінберде сөз тисе не министрді көрсем, бірінші кезекте осы мәселені айтамын», - деген ол аталмыш мәселені соңына дейін жеткізуге уәде берді.