Қазақстанда ауылдарды дамытуға биыл 30 миллиард теңге бөлінеді

29.04.2019 18:09

«Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыру үшін 3 жылға 90 миллиард теңге қарастырылған

Sputnik

«Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру аясында биыл ауылдық елді мекендерді дамытуға республикалық бюджеттен 30 миллиард теңге бөлінеді. Бұл туралы бүгін үкімет басшысының орынбасары Жеңіс Қасымбек мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Қасымбектің айтуынша, «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыру үшін 2019-2021 жылдары республикалық бюджеттен 90 миллиард теңге қарастырылып отыр.

«Оның ішінде осы жылы 30 миллиард теңге бөлінеді. Өңірлерде әкімдіктермен бірлесіп, 52 елді мекен іріктеліп алынды. Онда 454 іс-шара іске асырылады. 247 шара көлік инфрақұрылымын, 135 шара әлеуметтік инфрақұрылымды және 72 шара тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын дамытуға бағытталған», - деді премьер-министрдің орынбасары үкімет отырысында.

Ол биыл басымдық ірі елді мекендерге, яғни халық саны көп аудан орталықтарына аударылғанын атап өтті.

«Қазіргі уақытта аудан орталықтарындағы мәселелер жылдам шешуді талап етуде. Қаржыландырудың көлемі бір аудан орталығына шамамен 670 миллион теңгені құрайды», - деді Қасымбек.

Бұған қоса, ауылдарды дамыту үшін жергілікті әкімдіктер де өз бюджетінен қосымша қаражат қарастырмақ. Кәсіпкерлер мен меценаттар да тартылады.

Қасымбек тірек ауылдарды дамытуда кешенді тәсілдер қолданылатынын атап өтті. Әрбір жоба және елді мекендер бойынша жол картасы әзірленіп жатыр. Жобаларды іске асыру және бақылау мүдделі мемлекеттік органдар және «Nur Otan» партиясын тарта отырып, жүзеге асырылмақ.