Сырты бүтін, іші түтін: Көкбазар маңында құлаған ағаш апатты болған

04.09.2019 00:50

Қазіргі таңда Алматыда 1 миллионнан астам ағаш бар, соның 54 мыңы апатты деп танылған

Алматы қаласы Медеу ауданында құлаған ағаш апатты жағдайда болған. Былтыр қаладағы талдарға түгендеу жұмысын жүргізген қалалық жасыл экономика басқармасы оны жүйеге тіркеп, аудандық әкімдікке алып тастау қажеттігі туралы хабардар еткен.  Бірақ  орындалмаған істің соңы ақыры апатты жағдайға  әкеп, бірнеше машинаны басып қалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Гүрс етіп құлаған  ағаш көзге сырттай жайқалып тұрған  секілді болғанмен, еменнің іші мүжіліп,  шіріп кеткенін бақылаушылар біген. Бірақ биіктігі 20 метрден асатын алып ағашты уақытында кесу туралыда ескертудің аудан елемеген. Ақыры құлаған ағаш қатар тұрған ұш көлікті жапырып тастады.  Иелерінің көзінше  мыжылған  машиналардың  ішінде сол сәтте адам болмаған.  

«Ағаштарды түгендеу жұмыстары бойынша бұл базада, тізілімінде апатты ағаш болып саналып тұр. Еменнің диаметрі, биіктігі жазылған. Ұмытпасам ұзындығы 22 метр болатын», – дейді Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасы жасыл қорды мониторингілеу және басқару бөлімінің басшысы Олжас ЖАНЫСПАЕВ.

Көшеде  көлігінен  айырылған  азаматтар шығынды қайтару үшін алдымен  кінәлілерді  анықтауы тиіс. Бірақ  қос мекеме бір-бірінің жұмысын жоққа шығарып отыр. Медеу ауданы әкімдігінің берген  кереғар  ақпаратынша  еменнің тек түбі ғана шіріген.

«Құлаған ағаш – емен. Ол өзі жап-жасыл ағаш. Орман патологтарының тізімінде болған емес. Апатты деп танылмаған.  Тек, кеше құлағаннан кейін барып тексерген кезде ағаштың өзі жап-жасыл түбінде тамыры шірігені белгілі болды. Сыртынан қарағанда оның шірік тал екені білінбейді. Ондай тексеру бізде «Eсо Almaty» ЖШС деген компания бар сол кісілер тексеру жүргізеді. Ағаштарды кесуге рұқсат беретін бізде администратор Жасыл экономика басқармасы», – деді Алматы қаласы Медеу ауданы әкімінің орынбасары Рүстем МҰХАМЕТЖАНОВ.

Әкімдік пен басқарманың өзара тартысына алдағы бір аптадан кейін ғана нүкте қойылуы мүмкін. Өйткені  көліктерді басып қалған  ағаштың шіріп  кетуіне не түрткі болғанын  арнайы құрылған комиссия анықтайды мыс.

«Ол комиссияда «Eсо Almaty» ЖШС бар,  жасыл желек тізілімін жасап, мониторинг жасап отыратын сол мекем. Одан бөлек, Медеу ауданының, біздің басқарманың да мамандары бар. Жап-жасыл ағаштың түбі шіріп кеткенін солар айтады», – дейді Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасы жасыл қорды мониторингілеу және басқару бөлімінің басшысы Олжас ЖАНЫСПАЕВ.

Қазіргі таңда Алматыда 1 миллионнан астам ағаш бар. Соның ішінде 54 мыңы апатты деп танылған. Олардың басым бөлігі Түрксіб, Медеу және Жетісу аудандарында орналасқан.

Жауаптылар  1 жыл аралығында апатты ағаштарды тамырымен жоюды жоспарлапты. Алматыда жаппай жасыл желектерді отырғызу жұмысы қолға алынбақ. Жаңа көшеттерді отырғызатын аумақты таңдау және апатты ағаш орнына қандай талдарды егу қажеттігін анықтау мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылған. Қазір осы тұрғыда  жоспар жасалып жатыр.  

Перизат Көмекбайқызы, Влад Шишко «Алматы» телеарнасы