Қоғамдық кеңес – қоғамға жол сілтеуші – Рахман Алшанов

05.08.2019 17:47

Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің жаңа құрамы жасақталды

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының бес институционалды реформасын  жүзеге асырудағы «100 нақты қадам» ұлт жоспары аясында 2015 жылғы 2 қарашада Қоғамдық кеңестердің мәртебесі мен өкілеттілігін анықтайтын «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңы қабылданды. Соған сәйкес, республикада қоғамдық кеңестер құрылған болатын. Бұл – мемлекеттің халық алдында есеп беруін қалыптастыру жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асырудың бір бағыты.

Ең алғаш 2016 жылы құрылған Алматы Қоғамдық кеңесінің құрамына 31 адам кірген еді. Ал, қоғамдық кеңес жайлы жалпы ережелеріне сәйкес Қоғамдық кеңес өкілеттіктерінің мерзімі үш жылды құрайды. Сондықтан араға үш жыл салып, биыл аталған құрамды  жаңарту қажет болды. Осы мақсатта ҚР «Қоғамдық кеңестер туралы» заңына сәйкес, заңды тұлғалар бірлестігі алдын ала ресми сауалнама жүргізіп, соның нәтижесінде биыл 15 наурызда өткен Алматы қаласы Қоғамдық кеңесі мүшелерін сайлау жөніндегі жұмыс тобының отырысында кеңестің екінші құрамы анықталды.

Кеңес құрамы 30 адамнан тұрады. Оның ішінде 27-і үкіметтік емес ұйым өкілдері болса, 3-і мемлекеттік қызметте жұмыс істейтіндер. Атап өтерлігі, осы тұста кеңес құрамы 30 пайызға жаңарған.

Кеңеске қоғам қайраткері, саясаткер А. Сарым, саяси сарапшы М. Шибутов, журналист, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Қоғамдық кеңесінің төрағасы С. Пономарев, «Жастар Үні» ҚБ төрағасы Д. Бабамұратов, ҚР Парламенті Сенатының экс-депутаты, Қызылорда облысының бұрынғы әкімі И. Адырбеков, «KazRENA» Қазақстанның ғылыми және білім беру компьютерлік желісін пайдаланушылар қауымдастығының бас директоры, ҚР Президентінің Мұрағаты жанындағы Қоғамдық кеңестің төрағасы Б. Джапаров, «Алматы кәсіподақ орталығы» кәсіподақтар аймақтық одағының төрағасы З. Өмірбаева, «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы М. Ахметов және т.б белгілі қайраткерлері мүше болды.  Барлығы 30 адамның, 23-і ер, 7-і әйел адам.

Ал, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы болып белгілі қайраткер Тұран университетінің ректоры, Мәслихат депутаты Рахман Алшанов тағайындалды.

«Алматы – дамып келе жатқан қала. Бүгін бір мәселе шешілсе, ертең жаңа екеуі пайда болады. Қазір үй құрылысы дамыған сайын ел-жұрт ипотека алып, қарызда жүр. Салдарынан тапқан табысы өзге қажеттіліктерін жабуға жетіспей жатады. Біздің жұмыс осы мәселені шешудің жолдарын көрсете білуі керек, яғни, отбасылық бюджетті қалай қалыптастыру керек, ақшаны қалай дұрыс жұмсау керек, сол жөнінде тұрғындарға мамандар кеңес беруі қажет», - деді Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы Рахман АЛШАНОВ.

Айта кетерлік жайт, Алматыдағы азаматтық қоғамның жоғары белсенділігін ескере отырып, жұмыс тобы 27 адамды азаматтық сектор өкілдері мен азаматтардың ішінен сайлауға шешім қабылдады.

Мақаланы ҚР Ақпарат және коғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-ның «Ақпараттандырудың инновациялық әдістері халықпен жұмыс технологиясы» мемлекеттік гранты аясында «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі даярлады.