«Бюджетке қатысу» жобасы да халықпен тығыз байланыста болудың тағы бір көрінісі
Алматыда халықпен әкімдік арасындағы байланыс жолға қойылып келеді. Бір ғана Open Алматы қоғамдық қабылдауына 9 айда 100 мыңнан астам өтініштер мен сұрақтар келіп түскен. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 60%-ға көп, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауында халқымен тиімді кері байланыс орнату керектігін тапсырған болатын. Осы тұста шаһарда атқарылып жатқан шаруа аз емес. Опен Алматыдан бөлек әкімдіктің әлеуметтік желідегі парақшаларына келетін шағымдардың да назардан тыс қалмайтынына халықтың көзі жетті.
Бақытжан Сағынтаев қала әкімі болып тағайындала сала жұмысын халықпен еркін форматта кездесуден бастады. Бұл – шаһардағы қордаланған мәселені дүйім жұрттың өз аузынан есту. Осы кездесулерден кейін жол, жарық, абанттандыру сынды бірнеше өзекті проблемалар да шешімін тапты. Кейіннен әкімдіктің әлеуметтік желідегі парақшаларына өтініштер мен ұсыныстар көптеп түсе бастады.
Мәселен, Анна Сидоренко «Кемел» ықшамауданының тұрғыны. Аталған ықшамаудан тұрғындары жарты ғасырға жуық жол зардабына шыдап келген. Биыл Анна тұрғылықты жері туралы инстаграм парақшасын ашып, мәселелерді жазып жүрген. Осының арқасында 50 жыл жөндеу көрмеген жол тақтайдай тегістелді.
«Менің осы көшеде тұрып жатқаныма 26 жыл болды. Мен ес білгелі көшеміз жөндеу көрмеген. Биыл жазда бірнеше рет әлеуметтік желіге жаздық. Естіген әкімдікке алғыс айтамыз. Енді жолымыз жаңарып, жақсарып қалды», – деді Анна СИДОРЕНКО.
Онда бөлек, халық пен әкімдік арасын жалғайтын буын қоғамдық кеңес. Бұл ұйым қоғамдағы қордаланған мәселені жан-жақты талқылап, жауапты органдарға жолдаумен айналысып келеді. Қоғамдық кеңестің мүшесі Борис Жапаровтың айтуынша, айына жүздеген халық шағым айтып келеді екен.
«Бізге қоғамдық кеңеске ай сайын жүздеген хаттар келіп түседі. Соның әрқайсысын зерттеп, сұрастырып, оның мемлекеттік органдардың қаладағы қызметкерлері мен басшыларымен кездесіп, бәрін шешуге тырысамыз. Бірақ енді 100 пайыз шешіліп жатыр деген пікір айтпаймыз», – деді Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі Борис ЖАПАРОВ.
Қала тұрғындары да енді бұрынғыдай бума-бума қағаз тасып, көрінген табалдырықты тоздырмайтын болды. Сандық технология заманында өтініштері мен ұсыныстарын ғаламтор арқылы қоғамдық қабылдауға жолдайды. Онда түскендердің басым бөлігі дер кезінде орындалып жатыр дейді, қала тұрғындары.
«Әкімшілік пен қала тұрғындары арасындағы байланыс өзіме жақсы білінеді. Әкімшілік тарапынан әлеуметтік жағдайда, халықтың жағайын жасауда жақсы көңіл бөлініп жатыр», – деді тұрғындардың бірі.
«Негізінде инстгарм желісінде осындай парақшалар бар екенін білемін. Үлкен жастағылар жазып жатыр. Менің ата-анам ол жағын біледі. Бірақ ол шара ауқымды емес», – деді келесі бірі.
Әлеуметтік желілер жақсы дамығаннан кейін менің ойымша халықтың қалауы жетіп жатыр деп ойлаймын. Қазір бұрынғыдай емес жағдайымыз жақсарған.
Ал, бүгінде жүзеге асырылып жатқан «Бюджетке қатысу» жобасы да халықпен тығыз байланыста болудың тағы бір көрінісі. Енді қала тұрғындары тұрғылықты жеріне қандай маңызды нысан керектігін өздері ұсына алады. Қазір алматылықтардан ұсыныс-жоба қабылдау әлі жалғасып жатыр.
Арнат Дүйсен, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы