Алматыда былтыр медициналық мекемелердің 12 басшысы жұмыстан қуылды. Бұл туралы әкім Бауыржан Байбек халықпен есепті кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Халық санының өсуін ескере отырып, соңғы 3 жылда 12 жаңа аурухана мен емхана салынды. Президенттің тапсырмасы бойынша жұмысқа жаңа леп әкелген учаскелік дәрігерлердің жалақысы 20%-ға артты. Яғни, 3,5 мыңнан аса дәрігер мен медбикенің жалақысы көтерілді», - деді Бауыржан Байбек.
Әкімнің айтуынша, қалалық медициналық ұйымдарда әлі де шешімін таппаған түйткілді мәселелер өте көп. Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлық, жариялылықтың жоқтығы, дәрі тағайындау, оның есебін жүргізу, медициналық қызметтің сапасына қатысты сауал көп.
«Былтыр медициналық мекемелердің басшыларына қатысты 29 тәртіптік шара қолданылды. 12 басшы қызметінен қуылды. Олардың екеуі жағымсыз себептермен кетті. Қалада денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыру мақсатында жол картасы қабылданды», - деді ол.
Әкім қалалық денсаулық сақтау жүйесін бақылау кеңесіне мекеме басшылары мен бас дәрігерлер кірмейтінін айтты.
«Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы, сізге ескертемін. Осы картаның жүзеге асуына жауапкершілікті сіз өз мойныңызға аласыз», - деді ол.