Алматыда Мұқағали Мақатаев бейнеленген мурал салынды

28.10.2021 01:29

Муралды салуға «Қазақфильм» киностудиясы тапсырыс берген және қала әкімдігінің қолдауымен іске асқан

baq.kz

Алматыда қазақ поэзиясының дүлдүлі Мұқағали Мақатаевтың муралы салынды. Ақиық ақынның 90 жылдығына орай салынған мурал Мақатаев пен Шәріпов көшелерінің қиылысында «Қазақфильм» киностудиясының қолдауымен салынған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

Салтанатты шараға мұзбалақ ақынның туыстары мен зиялы қауым өкілдері қатысып, құттықтау сөз сөйледі.  

«Қазақтың ұлттық коды дегенде, қара өлең еске түседі. Ал қара өлеңнің құдіреті – мұзбалақ Мұқағали, ақиық ақын. Сондықтан мынадай үлкен зәулім үйдің қабырғасында рухтың келбеті болып, рух болып сөйлеп тұратын тұлғаның бейнесі міндетті түрде тұруы қажет», – дейді ақын, ҚР Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Бақыт Беделхан.

Ал мурал авторлары туындыны еш қиындықсыз 12 күнде салып бітіргенін айтады.  

«Мұқағали Мақатаевтың жақында шыққан киносынан кейін, «Қазақфильмнің» ой тастауымен өз идеямызды жүзеге асыра алдық. Осылайша, бәрімен ақылдаса отырып, осы алып суретті салдық», – деді туынды авторы Нұрболат Аманқұл.