Ағымдағы жылдың 1-5 маусым аралығында жол қауіпсіздігінің және көшелер мен басқа да қоғамдық орындарда қылмыстардың алдын алып, жалпы құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін ел аумағында «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу шарасы өткізілді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы ІІМ баспасөз қызметі.
Шараның басты міндеті – қылмыстарды ізін суытпай ашу, құқық бұзушылықтар, соның ішінде жол ережесін өрескел бұзушылықтардың алдын алу.
Операция қорытындысы бойынша, полиция қызметкерлері 2000-нан астам қылмыстың ізін суытпай ашты, соның ішінде ертеректе жасалған 642 қылмыс, нақтырақ айтқанда 5 кісі өлтіру, 47 тонау және қарақшылық шабуыл қылмыстары анықталды. Шара барысында жалпы іздеуде жүрген 100 қылмыскер ұсталды, деп атап өтті брифинг барысында ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мақсат Байболов.
Сонымен бірге 58 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Соның ішінде ұсақ бұзақылық, ішімдік ішу және мас күйде қоғамдық орындарда жүріп, көлік тізгіндеу, жылдамдықты шамадан тыс асыру, темір жол өткелдерінен өту ережесін сақтамау секілді қылмыстар тіркелді.
Операция барысында полиция қызметкерлері сондай-ақ, есірткі заттарын заңсыз сақтаудың 158 фактісін анықтап, 44,7 келі есірткі мен заңсыз сақталған 135 атыс қаруын тәркіледі. Оның 100-і тегіс ұңғылы, 26-сы травматикалық немесе газды қарулар.
Жалпы, «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу шарасы кезінде қалалар мен елдімекендерде, қоғамдық орындарда жедел жағдайдың жақсарғаны байқалды.