Нұр-Сұлтандағы Кравцова көшесінің тұрғындары құрылысты тоқтатуды талап етуде

08.10.2019 17:37

Таңертең тарс-тұрс дыбыстан оянып, күндіз аулаға қарай ұшқан темір-терсек тиіп кете ме деп үреймен жүрміз дейді олар. Тіпті соңғы күндері салынып жатқан ғимарат қазығы қағылғанда пәтерлерде діріл сезіле бастаған. Тұрғындар екі жыл бойы у-шу мен шаң-тозаңға шыдап, әбден шаршаған,   деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сол себепті Кравцова көшесіндегі 1, 2, 3 үй тұрғындары  дәл іргесінде салынып жатқан зәулім құрылысты тоқтатуды талап етуде. Өйткені жаңа ғимараттың бірінші қазығы қағыла бастағанда-ақ зәрелері ұшқан. Айтуынша, құдды бір, жер сілкініп жатқандай болды. Үй ішіндегі заттары қозғалып, қабырғалар жарылыпты.

«Терезелеріміз дірілдеді. Ыдыстарымыз орнынан қозғалды. Шүмектен су ағып, зәремізді алды. Үйіміз апаттық жағдайда. Салынғанына 45 жылдан астам уақыт болған. Ішінде газ құбырлары бар. Әр қада үш минуттан қағылады. Енді ойлаңызшы, 300 қазықты қақпақшы олар. Үйіміз құлап қала ма деп қорқамыз», - деді тұрғындардың бірі Венера АЛМАТ.

«Үй құлап қала ма деп құжаттарымды құшақтап далаға атып шықтым. Күні бойы есік алдында отырдым. Қандайда бір шара қолдану керек. Тоқтатсын мына құрылысты. Қартайғанда бізге тыныш өмір керек», - деді Валентина БОЦМАН.

Құрылыс жобасының жетекшісі болса, шу мен шаңнан әбден шаршаған халықтың шағымы негізсіз дейді. Салынып жатқан тұрғын үй кешені барлық мемлекеттік сараптамалардан өткенін алға тартуда. Қолымызда әкімдіктің берген рұқсаты бар деп, тұрғындардан шыдамдылық танытуларын сұрады.

«Қазір бізде қада қағу жұмыстары қалды. Ол 3-4 күн уақыт алады. Алдымен мына үйге жақын орналасқандарды бүгін қағамыз», - деді құрылыс жобасының жетекшісі Асылхан ӨТЕНОВ.

Нысанға келген жергілікті атқарушы орган өкілі шағымдар негізсіз емес дейді. Тұрғындарды ол үйдің қазығын қағу жұмыстары бүгіннен қалмай тоқтатылады деп сендірді.  

Одан бөлек тұрғындар құрылыс жұмыстарын жүргізу қауіпсіздігі сақталмағанын айтады. Әртүрлі құрылыс заттары, темір-терсек ауламызға қарай ұшады дейді.

Егер әкімдік тарапынан берілген уәде орындалмаса, тұрғындар  жоғары жаққа шағымданамыз деп отыр.

Асылбек Тойбек, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы