Белгілі хирург Нұртас Қазыбаевқа ескерткіш тақта қойылды

23.09.2019 21:48

Дәрігер 30 мың ота жасап, 5 мың адамның өмірін арашалап қалған

Фото Tengrinews.kz

Жақсының аты өлмейді. Мыңдаған адамның өміріне араша болып, ота жасаған отандық танымал хирург Нұртас Қазыбаевқа мемориалды тақта орнатылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ол өзі тұрған Төлебаев көшесіне қойылыпты. Дүние салғанына 7 жыл өткеннен кейін қолға алынған шараға ақ халаттының туыстары мен жақындары, сондай-ақ, елдің елеулі азаматтары қатысты.

Нұртас Кәкімжанұлына ел-жұрты қандай құрмет көрсетсе де лайықты. Мұны шараға жиналған жұрт айтып жатты. Медицина ғылымының кандидаты, доцент, жоғары дәрежелі дәрігер-хирург Нұртас Қазыбаев дәрігердің оқуын елімізде, кейіннен Ресейде жалғастырады. АҚШ пен Швейцарияда тәжиірбеден өткен хирург, бар білгенімен Қазақстандағы науқастардың аяққа тұруына күш салды.

«Нұртас өмірде өте қарапайым азамат болды. Ол адамдарға жақсылық жасауға ұмтылып тұратын. Ешқашан кісінің қызметіне қарай бөлмейтін. Тазалық індет мамандары, мейірбике немесе жоғары дәрежелі дәрігер деп бөліп-жарғанын көрмеппін. Тіпті, біреуге дөрекі сөйлегенін де естіген емеспіз. Науқастарға дереу жетіп келіп, барынша емдеуге кірісіп кететін», – дейді  Н. Қазыбаевтың әріптесі  Әшім ҚУАНЫШБЕКОВ.

«Нұртас Кәкімжанұлы туралы естеліктің шегі жоқ. Ол медицина саласының үздігі еді. Оның бастаған кез-келген ісі тек жақсылықпен аяқталатын», – дейді Н. Қазыбаевтың әріптесі Сергей ШИЛЛЕР

Дәрігер 30 мың ота жасап, 5 мың адамның өмірін арашалап қалған. Ақ халатты абзал жанның өз  жұмысына адал болуы, оның атына кір жұқтырмаса керек. Хирург-ең күрделі операцияларды жасаған. Қарапайым халықтан бөлек, шет елге шығып емделуге қаражаты жеткен танымал тұлғаларда пышаққа ілінер алдында осы кәсінің кәсібилігіне шүбә келтірмегендерін айтады.  

«Біз Нұртас дәрігерге күндіз-түні хабарласатын едік. Оның өмірі өзгеге  жан жылуын сыйлаумен өтті. Тіпті, отбасылық отырыстарда телефонын тастамайтын, өшірмейтін. Өйткені үнемі науқастармен байланыста болып, кеңесін айтып отыратын. Кәсібилігі бір төбе мұндай дәрігерге өзімінің және жақындарымның денсаулығын үлкен сеніммен тапсыра алатынмын», – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері ВЕНЕРА НЫҒМАТУЛЛИНА

Нұртас Кәкімжанұлы көпшілік «Совминка» деп атап кеткен, қазіргі орталық клиникалық ауруханасында  30 жыл жұмыс істеген. Инновациялық әдістерді қолданудың арқасында бірнеше жоғары профильді бөлімшелерді де  ашып үлгеріпті. Жақсының аты өзі 10 жыл тұрған үйдің қабырғасына ілінгені де бекер емес. «Алтын қолды хирург» атанып кеткен дәрігердің мемориалды тақтасы жазушы-публицист, қоғам қайраткері, журналист,  әкесі Қазыбаев Кәкімжанның қасына орнатылыпты.  

Әйгерім Ердәулет, Рамина Мырзалымова, Арсен Сандыбаев «Алматы» телеарнасы.